Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтаулық оқушы зағип жандарға арналған смарт-тақия ойлап тапты

ХХІ ғасыр – білім мен ғылымның ғасыры. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында инновациялық технологиялар мен жастардың ғылым жолына келуіне үлкен мән беріп отыр.

IMG_1470-640x480

«Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» демекші, болашақ білімді ұрпақ қолында екені сөзсіз. Міне, сондай білімді де талапты жас Ақтау қаласындағы химия-биология бағытындағы

Назарбаев зияткерлік мектебінің 12 «В» сынып оқушысы Сәттіғали Жолдасбай жуықта мүгедек жандарға арналған смарт-тақияны ойлап тапты. Еліміздің ғылыми әлеуетін көтеруді мақсат тұтқан жас ғалым бұл тың жобамен осы аптада Астана қаласында өтетін Назарбаев зияткерлік мектептерінің есептік концертіндегі ғылыми жұмыстар көрмесіне қатыспақ. Болашағынан зор үміт күттіретін жаспен әңгімелескен едік.

– Сіз ойлап тапқан смарт-тақия мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін таптырмас дүние болатыны сөзсіз. Бұл идея қалай келді? Тақия қалай жұмыс істейді?

– Бала күнімнен әрбір демалысты Маңғыстау облысы Шетпе ауылында атам мен апамның жанында өткізетінмін. Марқұм атамның көзі нашар көретін. Үнемі таяқпен жүретін. Міне, сол күннен бастап «атама қалай көмектесем?» деген ой көкейімде жүретін. Бала арманыма қанат бітіріп, осы идеямды іске асыру үшін көз алдыма атамның тақиясы келді. Ол тақияны сиқырлы тақияға айналдыру үшін қолымда бар дүниелерді қарап шықтым. Үйімде қолданбайтын ұялы телефоным болған, соның вибрамоторын тақияға қолдандым. Содан кейін тақияға арнайы датчиктер орнаттым. Тақияны киген адам осы датчиктер арқылы алдағы кедергіні сезіп, өз ба­ғытын өзгер­теді. Яғни, датчик вибрация беріп отырады. Бұл жобаны дайындап шығуға 1 ай кетті. Мектебімізде «Робототехника» үйірмесі бар. Оның жетекшісі Бақытжан Мұхаммед аға­йымыз бұл ойымды естіген бетте қолдап, бағыт-бағдар берді.

Бұл смарт-тақияның тағы бір ерек­шелігі, құрастырылуы күрделі емес әрі бағасы арзан. Бұл жобаммен Астанада өтетін көрмеге қатысамын. Ал наурыз айында ғылыми жобалар байқауында бағымды сынамақпын. Қалай десе де, бұл бастамам қолдау тауып өндіріске енсе, үлкен жаңалықтар әкелетіні анық.

IMG_1456-640x427

– Робототехникамен қашаннан бері айналысып жүрсіз?

– 1999 жылы Ақтау қаласында дү­ниеге келдім. №11 физика-математика пәндерін тереңдете оқытатын мектепте оқыдым. 2015 жылдан бастап Ақтау қаласындағы химия-биология бағы­тындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде білім аламын. Биыл алғашқы түлегі болмақпыз. Робото­техникаға деген қызығушылығым жа­қында ғана оянды. Дегенмен ғылымға келуіме ата-анамның әсері зор болды. Әкем Бікірбай Жолдасбаев геофизик, анам Айгүл Төлеуова математик. Бала жастан геофизика, математика пәндеріне баулып өсірді. Менің барлық баста­маларымды қолдап отырды.

Ал Назарбаев мектебінде сол идея­ларымды дүниеге әкелуге мүмкіндік беретін «Робототехника» және тағы да басқа түрлі ғылыми үйірмелер бар. Бұл үйірмелер әрбір оқушыға өзінiң жаңа қы­рын ашуға зор септігін тигізеді. Мек­тепі­шілік байқауда робототехникадан 2-орын алдым. Негізінен, физика, мате­матикадан бөлек, ағылшын тіліне қызығамын. Бұл пәндерден жетістіктерім де бар.

Өткен жылы мектептегі педаго­гикалық кеңестің шешімімен Малай­зияның Куала-Лумпур қаласындағы Ноттингем университетінде STEM Summer Programme 2016 бағдарламасы бойынша үш апталық курста «биоғылым, биомедицина, фармацевтика» модулі бойынша білім алдым. Өте әсерлі бағдарлама болды. Әр күні бізге әртүрлі профессор дәріс өткізіп, микробиология, днк, ауру түрлері, олардың дамуы мен емдеу жолдарымен, жануарлар ағзасына қатысты деректермен таныстық. Лабо­раториялық жұмыстар жасап, өсімдіктер отырғызып, оның өсу жолдарын бақы­ладық. Біз жай ғана биологияны оқып қоймадық. Сонымен қатар фармацевтика, микробиология, экология, психология, биотехнология тақырыптарын да қозға­дық. Нақты мысал келтірер болсақ, біздің топ күнделікті өмірде қолданатын аспирин дәрісін жасаумен айналысты. Дәрі-дәрмек жасаудың оңай еместігін сынағымызды бірнеше рет қайталауға тура келгеннен кейін түсіндім. Сонымен қатар сәбіз бен бұршақ өсірдік. Бұл да біздің үнемі бақылаған еңбектеріміздің бірі болды. Осы курстан кейін Қазақ­стандағы барлық өсімдік түрлерін жинақтап, энциклопедия дайындау идеясы келді. Ол да алдағы уақыттың еншісінде деп білемін.

– Болашақты смарт-технологиясыз елестету мүмкін бе?

– Қазір Елбасының өзі ІТ-салаға көп көңіл бөліп отыр. Сондықтан ІТ техно­логиялар енді қарқынды дамиды деп сенемін. Елімізде түрлі қосымша бағдар­ламалар шығарып, әлемдік деңгейге шығуға талпынып жүрген мамандар аз емес. Бұл бір жағынан, елімізге инвес­торларды тартса, екінші жағынан ғылыми әлеуетімізді көтереді. Солардың жаңа жобаларын үнемі бақылап отыра­мын. Расында, жаңа технологиялар адамның өмірін жеңілдетіп қана қоймай, эконо­микалық тұрғыда өзге елдің тауар­ларына тәуелділігімізді төмендетеді. Меніңше, әрбір жас елімізді көркейтуге не істей аламын деген сұрақты өзіне қойып, алдына үлкен мақсаттар қоя білуі қажет.

Қазірдің өзінде сыныптасым екеуміз бір жобаны дайындап жатырмыз. Бұл – үйдегі құрылғыларды жұмыста отырып, ұялы телефонмен басқару. Мәселен, үйдегі қарапайым пердені ұялы телефон арқылы сыртта жүріп ашып, қайта жапса қандай ғанибет?!

– Келешекте кім болғың келеді? Қандай арманың бар?

– Болашақта еліміздің геология саласын дамытқым келеді. Қазақстан –табиғаты көркем, пайдалы қазбаларға бай ел. Алайда «осы пайдалы қазбаларды дұ­рыс қолдана аламыз ба?» деген сұрақ мазалайды. Мәселен, мұнайды шығара­мыз, бірақ оны қайта өңдеу жағы кемшін түсіп отыр. Сондықтан осы мәселелердің шешімін табуға тамшыдай болса да үлесім тисе, одан асқан бақыт жоқ. Елім, жерім деп жүрген әрбір азамат осындай үлкен мәселелерді қолға алып, Қазақстанды көркейтсе құба-құп.

Айқын газеті, Ақбота Исләмбек

Талқылау