Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтауға шипажайға барған соң денесін паразит басқандардың жағдайы белгілі болды

Павлодар облыстық инфекциялық балалар ауруханасы директорының инфекциялық стационар бойынша орынбасары Зере Садақова Ақтаудағы оңалту шипажайында демалған кезде белгісіз паразиттерді жұқтырған әйел мен қызы қанағаттанарлық жағдайда екенін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Оның айтуынша, қызы мен анасы бір апта бұрын ауруханаға жатқызылған. Олар терінің қышуы және суға түсу кезінде тері астынан қанатты жәндіктердің шығуына шағымданған болатын. Екі айдан бері осы қиындыққа тап болған.

“Стационарға жатқызылған кезде олар денсаулығына шағымданбаған, дене қызуы қалыпты болған. Осы уақытқа дейін теріге өңдеу жүргізілген. Қыздың анасы жинаған материал облыстық СЭС-тегі паразитологиялық зертханаға жолданып, ол жақтан бұл жәндіктер гельминт немесе оның дернәсілі емес екені туралы жауап келді”, –  деді ол облыстағы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында.

Дәл осындай материал Ұлттық сараптама орталығының аса қауіпті инфекциялар зертханасына да жіберілген. Алайда олар жәндіктің түрін анықтай алмағанын хабарлаған. Одан бұрын жүргізілген амбулаториялық емдеу кезінде бұл жәндіктер мамық жегілер тобына, яғни құстар мен сүтқоректілердің сыртқы ұсақ паразиттеріне жататыны туралы қорытынды жасалды.

"Анасы мен қызының жағдайы қанағаттанарлықтай болуына және тері астында паразиттердің енді анықталмағанына байланысты бүгін ауруханада шығарылады деп жоспарлануда", – деді Зере Садақова. Ол осы секілді симптомдарға шағымданған екінші әйел инфекциялық ауруханаға келмегенін айтты.

Айта кетері, мүгедек балаларды күтіп отырған бірнеше отбасы Ақтауға шипажайға барған. Паразиттер сол жақта жұққан.

Үйге оралған соң жалғызбасты ана өз денесінде де жәндіктерді көрген. Ол қызымен бірге күніне бірнеше рет ыстық душ қабылдап, паразитке қарсы ондаған ем шара жасауға мәжбүр болды.

Павлодарлық тағы бір отбасы да паразиттерге қатысты шағымданды. Бірақ шипажай әкімшілігі бұл жағдайға қатысты ешқандай түсініктеме бермеді.

Еске сала кетсек, Павлодарлық дәрігерлер жақында Ақтаудан келген екі павлодарлық отбасының ауруына қандай диагноз қою керектігін білмей дал болғанын жазған болатынбыз. Мүмкіндігі шектеулі балалары бар ата-аналар оңалту орталығына барады. Үйлеріне оралған соң терілерінің астында паразиттер пайда болған.

Талқылау