Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өміріміз жердегі тозаққа айналды": Ақтауда шипажайда болған мүгедек балалардың денесінде белгісіз паразиттер пайда болды

Павлодарлық дәрігерлер жақында Ақтаудан келген екі павлодарлық отбасының ауруына қандай диагноз қою керектігін білмей дал болуда. Мүмкіндігі шектеулі балалары бар ата-аналар оңалту орталығына барған. Үйлеріне оралған соң терілерінің астында паразиттер пайда болғанын байқайды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия арнасына сілтеме жасап. 

Баласын жалғыз тәрбиелеп отырған Анна соңғы екі ай бойы адам төзгісіз өмір сүріп жатқанын айтады.

Күн сайын әйел ваннада үш-төрт сағат бойы ыстық су астында отыратын көрінеді. Сондай-ақ ондаған антипаразиттік препараттар мен жақпалар пайдаланады екен. Отбасы бір рет қолданылатын төсеніштерде ұйықтауға дағдыланған, үйде тоқыма заттар жоқтың қасы. Белгісіз паразиттер Анна мен оның баласының денесінде Ақтау санаторийінде бір апталық оңалтудан кейін пайда болған көрінеді.

"Үйге санитарлық-эпидемиологиялық мамандарды шақырдым, барлығын тазалады. Жұмсақ жиһаз, ойыншықтар, өңделмейтін  барлық заттарды лақтыруымызды айтты. Басында жүздеген емес, мыңдаған паразиттер шықты. Тіпті басымнан шыққан соң, шашымды қырып тастауыма тура келді. Бұның бәрін бастан өткеру өте қиын болды", –дейді Анна Пахомова. 

Анна белгісіз паразиттердің үш түрі терінің жоғарғы қабатының астында орналасқанын өзі анықтапты. Сипаттауынша, кейбіреуі құрттарға, кейбіреуі қандалаға және тіпті ұшатын бүргелерге ұқсайды екен.

Белгілі болғандай, Приморск санаторийінен оралған тағы бір мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасы да паразиттермен оралған. Адамдар тыныштығы мен ұйқысынан айырылғанын айтады. 

"Қазір біздің өміріңіз неге айналды? Жердегі тозаққа. Бір жағынан өзің қиналасың, екінші жағынан онсыз да денсаулығымен мәселесі бар баланың қиналғанын көру өте қиын. Балаларға обал болды. Бұның қайдан пайда болғанын және қалай емделу керектігін білмей дал болудамыз”, – дейді мүмкіндігі шектеулі баланың анасы Алена Емельянова. 

Павлодар емханасында Анна Пахомованы бастапқыда ақыл-есі кем деп қабылдаған. Тіпті психиатриялық сараптамадан өтуге мәжбүр болған. Бірақ санаторийден екі шағым түскеннен кейін, санитарлық дәрігерлер белгісіз паразиттердің сынамаға берген. Мамандар әлі күнге дейін зардап шеккендердің қалай емдеу керектігін білмейді.

"Бүгін біз оларды ауруханаға жатқызамыз. Балалар бақылауға алынды. Біздің тарапымыздан қажеттінің бәрі жасалатын болады. Жағдай санаторийде болған. Бұл факт бізді қатты алаңдатып отыр", – дейді Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының өкілі Эльмира Темірғалиева. 

Ақтаудағы шипажай әкімшілігі ресми түсініктеме беруден бас тартты. Сонымен қатар павлодарлық мүмкіндігі шектеулі балалардың аналары диагноз қойылып, сараптама нәтижелерін алғаннан кейін құқық қорғау органдарына жүгінуге ниетті. Белгісіз дертті жұқтырған оқушылар жаңа оқу жылында сабаққа бармауға мәжбүр. Ал аналарының жұмысынан айрылу қаупі бар. Әзірге белгісіз паразиттермен күресу қанша уақытты алатынын ешкім білмейді.

Талқылау