Ақтаудағы бетперде киген бишінің кім екені анықталды (видео)
“Лада” басылымының тілшілері таяуда ғана «биші көлік жуушы» туралы видеодағы азаматтың кім екенін анықтады. Жұртты биіне тәнті еткен 22 жастағы қала тұрғыны Жомарт Тыныштық есімді жігіт екен.
Видеоны жасырын түсірген азамат биші жігітті мейрамханада билеуге шақырған.
«Маған оның биі, үйлесімді қозғалысы қатты ұнап қалды. Содан бірден, телефонға түсіріп алдым. Мен жігіттен видеоны ғаламторға жүктеуге рұқсат сұрадым. Ол сол үшін бетперде киіп биледі. Сол күні-ақ Жомартпен мейрамханада, отбасылық мерекеде өнер көрсетуіне келістім»,-дейді видеоның авторы Ербол.
Ерболдың өзі де виде желіде көп қаралады деп ойламапты. Бір тәуліктің ішінде осы би YouTube желісінде 80 мың рет қаралған.
«Басында видеоны өзімнің Инстаграм парақшама жүктеді. Жұрт бөлісіп, қызығып жатқанын байқағаннан кейін YouTube-қа салдым»,-дейді Ербол.
Жомарттың өзі болса мұндай биге бес жыл бұрын әуестеніп, үйренгенін айтады.
«Бишілер арасында “Jabbawockeez” тобының биі қатты ұнайтын. Сол кезде бұл бишілер өте танымал болатын. Солардың қимылдарын қарап, қайталайтынмын. Сол кезде де, қазір де жұрт менің түрлі мерекелік шарада билеуімді сұрайды»,-дейді Жомарт.
2013 жылы әуесқой биші қаладағы би жарысында бірінші орынды жеңіп алған.
«19 жасымда “Минута славы по-актауски” байқауында өнер көрсеттім. Бірінші орын мен бағалы сыйлық алғам сол кезде. Кейіннен жұмыс істеп бимен айналысуға уақыт тапшы болып кетті. Осы жылы кәсіпкерлікпен айналысуды қолға алдым. Екі ай бұрын видео түсірілген көлік жуу орнын жалға алып, істетіп жатырмын. Көлігін жудыруға келгендер мен бетперде кигеніммен танып қояды. Олар күтіп отырған сәтте меннен билеп беруімді өтінеді. Мен әрине билеп берем. Еш қиындығы жоқ. Әрі көлік жуу орнының жарнамасы шығар бұл»,-деп күледі Жомарт.