Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтаудағы ұшақ апатының салдарын дронмен түсірген блогер бостандыққа шықты

Ақтаудағы ұшақ апатынан кейінгі жағдайды дронмен видеоға түсіргені үшін 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынған блогер Азамат Сәрсенбаев бостандыққа шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Азамат Сәрсенбаев Facebook-парақшасы

Азамат Сәрсенбаев әкімшілік жазасын өтеп болған соң желіде пост жариялады. 

“Сәлем, 2025… Ер адамның басынан не өтпейді!?

Осы 10 күн оқшауланып, үйден 150 шақырым жерде мен тек осы сөздерді санамда қайталай бердім. Шынымды айтсам, мен бұл тәжірибеге қуаныштымын, өйткені мен өзімнің ұстанымдарыма бұрынғыдан да берік, күшті және иілмейтін болып кеткенімді сезінемін. Жалпы көп нәрсе жазғым келеді.

Бірақ алдымен әйелімді сүйіп, балаларымды құшақтап, ыстық душқа түсіп, жылы, жайлы ортада жақсы ұйықтағым келеді.
Қалғанын кейінірек айтамын...”, – деп мәлімдеді блогер.

Еске салсақ, Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан "Azerbaijan Airlines" әуе компаниясына тиесілі жолаушылар ұшағы құлағаны туралы жазған едік. Желіде ұшақтың ішінде апатқа дейін және кейін түсірілген видеолар пайда болды. Кейін Ақтаудағы ұшақ апатының салдарын дронмен түсірген блогер 10 тәулікке қамауға алынғаны мәлім болды. 

Талқылау