Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтаудағы ұшақ апаты: Құтқару операциясына қатысқандар марапатталды

Маңғыстау облысында Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшақтың жолаушыларын құтқаруға қатысқан құтқарушылар марапатталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: gov.kz

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, Маңғыстау облыстық департаментінің он құтқарушысына ұшақ апатының салдарын жою кезінде көрсеткен кәсібилігі, батылдығы мен жанқиярлығы үшін мемлекеттік наградалар табысталған. 

Марапатты құтқарушыларға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай табыстады. 

№12 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі-құтқарушысы Байтөре Олжас Серікбайұлы, №12 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Оңғар Серіболат Айтмұханбетұлы және №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы Сәркенов Мәрлен Бегендікұлы Рахымжан Қошқарбаев атындағы III дәрежелі "Айбын" орденімен марапатталды.



"Ерлігі үшін" медалімен:

- Аллабергенов Қожабек Сапарұлы — "Апаттар медицинасы орталығы" ММ Маңғыстау облысы бойынша филиалының көлік жүргізушісі-санитары,

- Бағытов Манас Машрықұлы — Жедел құтқару жасағының құтқарушысы,

- Естемес Әлішер Нұржанұлы — "Қазавиақұтқару" АҚ әуе кемесінің екінші пилоты,

- Құдабаев Асхат Құдайбергенұлы – "Қазавиақұтқару" АҚ әуе кемесінің командирі

- Құбайдуллаев Заманбек Мұратұлы —  Апаттар медицинасы орталығы филиалының фельдшері,

- Оразбеков Оспан Жалғасынұлы —  Апаттар медицинасы орталығы филиалының дәрігері марапатталды.

Апаттар медицинасы орталығы филиалының психологы Есен Жан Байкенқызы "Ерен еңбегі үшін” медалімен марапатталған.

Сонымен қатар өрт сөндіру бөлімдері мен медициналық мекемелердің қызметкерлері президенттің алғыс хаттарын алды.

“Марапатталғандардың ішінде 68 адам, оның ішінде ТЖ департаментінің 24 қызметкері және облыстың түрлі салаларының 44 өкілі бар. ТЖ министрі генерал-майор Шыңғыс Әріновтың атынан марапаттарды Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Мұрат Мұханов табыстады”, – делінген хабарламада. 

Еске салсақ, бұған дейін Әзірбайжан әуе компаниясына тиесілі Embraer E190AR ұшағы Ақтау қаласындағы әуежай маңында апатқа ұшыраған еді. Ұшақта барлығы 67 адам, оның ішінде 6 қазақстандық болған. Бортта болған қазақстандықтардың барлығы қаза тапты. Кейінірек қаза болған қазақстандықтардың аты-жөндері белгілі болды. Қаза тапқан Қазақстан азаматтарының төртеуі Маңғыстау облысының, біреуі Қостанайдың, біреуі Астана тұрғыны болғандары анықталды.

Талқылау