Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтауда жұмыссыз қалған зауыт жұмысшылары наразылыққа шықты

Ақтауда зауыттың жұмысшылары қызметтерінен айырылғаны үшін наразылық білдірді. Мұнай құбырларын шығаратын кәсіпорын басшылығы екі цехты Жаңаөзенге көшіруді жоспарлаған. Сол жердегі 250 адамға басқа жұмыс іздей беріңдер деп ескертіпті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Видеодан скриншот

Ақтаудағы мұнай құбырларын дайындайтын зауыттың екі цехы жабылып, 250-ге жуық адам бір күнде жұмыссыз қалды. Қазір кәсіпорындағы жабдықтар басқа аумаққа көшіріліп жатыр. Қызметкерлер алдын ала ескертпей, шұғыл шешім шығарған басшыларының әрекетіне наразы.

“Бұл жерде 7 жыл, 10 жылдан бері жұмыс істеп жатқан адамдар бар. Штатқа ауыспаған, ГПХ-мен жұмыс істеп келе жатыр. Енді мекемені бұлар Жаңаөзенге көшіріп жатыр. Осы уақытқа дейін бізді “алып кетеміз” деп алдап келді. Енді “ешқайсысың кетпейсіңдер, демала беріңдер” деп отыр. Бір ай бұрын айтылды”, – деді жұмысшы Сергей Жұмаханов.

Екі күннен бері наразылық білдіріп тұрған жандар жалғыз жұмыспен отбасын асырап жүрміз. Енді қайда барарын білмей дал. Олар Жаңаөзенге көшуге де дайын болған. Себебі өңірдегі кәсіпорындардан қазір бос орын табу қиын дейді.

“Қаңтардан бастап жұмыс істеп жатырмыз. Бірақ бізге келісімшарт берген жоқ. Келісімшарт желтоқсанда бітті. Оны сұраған кезде “бермейміз, жұмыс тоқтап жатыр” деді. Осындай жағдай болып тұр ғой. Бір күнде 200-ден аса адамды жұмыстан шығарды”, – деді жұмысшы Жеңісбек Тағанов.

Зауыттың баспасөз қызметі мәселе шешілгенін мәлімдеді.

“2025 жылдың 6 ақпан күні "КаскорМашзавод" ЖШС аумағында компания қызметкерлері жиналып, бейнеүндеу жариялады. 7 ақпанда тараптар өзара мәмілеге келіп, жұмысшылардың наразылығын тудырған барлық мәселе шешілді. Қазір қызметкерлер жұмысқа қайта кірісті”, – деді "Каскор-Машзавод” ЖШС баспасөз қызметі.

Наразылыққа шыққан азаматтар басшыларының ұсынысын қабылдапты. Олар зауыт Ақтаудағы қызметін тоқтатқанша жұмысын жалғастыра бермек. Оған қоса, кәсіпорын өкілдері қызметкерлерін басқа жұмыспен қамтуға уәде берген екен.

Талқылау