Ақтауда жағажайдан құс өлекселері табылды: Экологтар жағдайға қатысты пікір білдірді
Ақтауда қалалық жағажайлардың бірінің аймағынан құстардың өлексесі табылды. Тұрғындар бұл жағдайға алаңдаулы екенін жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Құстардың өлексесін 15-16 наурызда Көк шығанақ жағажайына демалуға барған ақтаулық отбасы байқаған. Олар контейнерлердің айналасына шашылған қоқысты да көрген. Көп ұзамай отбасы мүшелері жағадан аққу, шағала, үйрек пен итбалықтың өлексесін байқады.
"Біз осы үшін келген жоқпыз. Қоқыс пен өлген құстардың көп екеніне таңғалдық", – деді отбасы мүшесі.
Отбасы мүшелері қоқыс жәшігінен бөлек құм арасынан гильза (патрон) тапқан. Жергілікті тұрғындар жағажайда аңшылық болып жатқан жоқ па деп күдіктеніп, құзырлы органдардан тексеруді сұрады.
Маңғыстау облысы бойынша экология департаментінің мамандары жағажайда құс өлекселерінің табылуына байланысты су сынамаларын алды.
"Нәтиже бес-алты күннен кешіктірмей дайын болады", – дейді экологтар.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтауда тұрғындар тағы да демалыс базасының маңынан итбалықтар мен құстардың өлекселері табылғанын айтқан еді. Айтуларынша, бұл өлекселер былтыр күзден бері осы аумақта жатқан.