Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтауда түйені көпқабатты үйдің түбіндегі газ құбырына байлап кеткен

Фото: Видеодан скриншот

Ақтаудағы аулалардың бірінде тұрғындарды таңғалдырған жағдай болды. Бесқабатты үйдің дәл түбінен түйе пайда болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жануар әуелі аула ішінде еркін жүрген. Кейін тұрғындар түйенің көпқабатты үйдің терезесінің түбінде газ құбырына байланып тұрғанын байқаған. Желіде тараған видео көпшіліктің ашуын туғызды.

Куәгерлердің сөзінше, түйе анда-санда боздап, орнында тапталып, жіпті үзуге тырысқан. Жергілікті тұрғындар жануарға жанашырлық танытып, оның мұндай жағдайда қалдырылғанына наразылық білдірді.

Ақтау қалалық әкімдігінің мәлеметінше, бұл жағдайға тиісті қызметтер жедел әрекет еткен. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары учаскелік полиция инспекторларымен бірге жануардың иесін анықтаған.

Ерекше оқиға 13-шағынауданда, №2 үйдің маңында болған. Жануарды кейін иесі алып кеткен.

Мал иесіне Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 408-бабы ("Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзу") бойынша әкімшілік хаттама толтырылған. Бұл бап бойынша 3 АЕК көлемінде, яғни 12 975 теңге айыппұл қарастырылған.

Маңғыстау облысы полиция департаменті ауыл шаруашылығы жануарларын ұстау қағидаларын сақтау және оларды қала ішінде қараусыз жібермеу қажеттігін еске салды.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 02 Сәуір, 2026 13:45