Ақтауда танысына сеніп, телефонын берген тұрғындар 6,5 миллион теңгеден қағылды

Түпқараған ауданының тұрғыны бөтен адамдардың атына онлайн несие рәсімдеп, бірнеше рет алаяқтық жасаған. Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын 6,5 миллион теңгеден асты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өңірдің шектен тыс сенгіш үш тұрғыны үлкен қарызға батып, енді жүйкесі жұқарып отыр. Олар танысына ұялы телефонын бере тұрғанда мұның соңы немен аяқталатынын ойламаған.
Ақтау қалалық сотында Таушық ауылының 24 жастағы тұрғыны алдау жолымен жәбірленушілердің ұялы телефондарына қол жеткізіп, банк қосымшалары мен микроқаржы ұйымдарының сервистері арқылы олардың атына несие рәсімдегенін анықтады. Келтірілген жалпы шығын 6,5 миллион теңге. Оған Қ ылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 1 және 4-тармақтары бойынша, яғни бірнеше рет әрі ірі мөлшерде жасалған алаяқтық дерегімен айып тағылған.
Былтыр шілдеде ер адам Ақтауға келіп, екі адамды алдаған. Соның бірі оның туысы. Фотосессия жасау және биометриялық сәйкестендіруден өту қажет деген сылтаумен ол туысының телефонын алып, оның атына екі банктен және бес микроқаржы ұйымынан 1 797 950 теңге көлемінде несие рәсімдеген. Дәл осындай тәсілмен екінші жәбірленушінің де телефонына қол жеткізіп, оның атына бір банктен несие және бір микроқаржы ұйымынан қарыз алып, жалпы сомасы 574 мың теңге рәсімдеген.
Тамыздың соңында сотталушы дәл осы схема бойынша тағы бір ауылдасын алдап, оның атына екі банктен және үш микроқаржы ұйымынан жалпы сомасы 4 170 334 теңге көлемінде несие рәсімдеген.
Сот отырысы барысында айыпталушы кінәсін толық мойындап, өкініш білдіріп, жәбірленушілерден кешірім сұраған. Ол келтірілген шығынды өтеп беруге уәде етіп, өзіне жеңілірек жаза тағайындауды сұраған.
Сот ер адамды кінәлі деп танып, оған орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеумен 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар сот жәбірленушілердің материалдық шығынды өндіріп алу туралы азаматтық талаптарын қанағаттандырып, жалпы 6 542 284 теңгені өндіру туралы шешім шығарды. Бұдан бөлек, сотталған азамат шамамен 144 мың теңге көлеміндегі сот шығындарын да өтеуге міндеттелді.
Алматыда оқу ақысы 5 миллион теңге болатын элиталық мектепте оқушыларға шикі тамақ берілген