Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтауда сәбиге бір ай бойы диагноз қойылмай жансақтау бөлімінде көз жұмды

Ақтауда жалғыз ұлынан айырылған ата-ана дәрігерлерді қылмыстық жауапқа тартуды талап етеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информ бюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото видеокадрдан скриншот жасалған

Мәліметтерге сенсек, бір жасар Абдулланың қазасына ақ халаттылардың жұмысына салғырт қарауы себеп болған. Ата-анасының айтуынша, медицина мамандары бір ай бойы дене қызуы түспей қойған кішкентай бүлдіршінге диагноз қоя алмаған. Салдарынан баланың жағдайы күрт нашарлап, жансақтау бөлімінде көз жұмған.

Ермек Нұрбаев жалғыз ұлының қазасына ақ халаттыларды кінәлайды. Себебі, дене қызуы 39 градусқа көтеріліп барғанда дәрігерлер бірден қабылдамады дейді әкесі.

"Біз жедел жәрдеммен үш рет бардық, қателеспесем. Үшеуінде де қабылдамады. Төртіншісінде барған кезде 18-інде әйтеуір қабылдады. Ауруханаға жатқызды. 6 күн өткеннен кейін балаға пневмония деп диагноз қойды", – деді Ермек Нұрбаев.

Баласын жер қойнына тапсырып, жаны қиналған әке жергілікті мамандардың жұмысына көңілі толмайды.

"Баланың гемоглабині 70-ке түсіп кеткен. Бұл туралы емдеген дәрігері де, басқалары да хабарсыз. Ашуланып, баланың денсаулығы күрт нашарлап кетті деп сұраған кезде "А,а біз білмедік" деп шықты. Баланың жағдайына жіті мән береміз, қадағалаймыз дегені өтірік", – деп қынжылды әкесі. 

Қара жамылған отбасының ақ халаттылардың жазалануын талап етіп жүргеніне төрт ай болған. 

Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Асқар Махмұтов өз ісіне салғырт қараған мамандар тәртіптік жазаға тартылды деп отыр.

"Баланың сепсис диагнозынан қайтыс болғаны белгілі болды. Медициналық құжаттар дұрыс толтырылмағаны анықталды. Бұл қабылдау бөлімінің қызметкерлерінен кеткен қателік. Жауаптыларға тәртіптік жаза тағайындалды. Құқық қорғау органдарына бүкіл құжат жіберілді", – деді басқарма басшысы.

Қазір полиция "медицина қызметкерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамау" бабы бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Тәртіп сақшылары тиісті іс-шарадан кейін іс сотқа жолданып, кінәлілерге құқықтық баға берілетінін жеткізді. 

Талқылау