Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтауда мысық әйел мен балаларды өрттен құтқарып қалды

Ақтауда мысық әйел мен балаларды өрттен құтқарып қалдыФото: Видеодан скрин/ru.freepik.com

Ақтау қаласында үй жануары бір отбасын үлкен өрттен аман алып қалған. Мұны қала тұрғыны айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Lada.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Ақтаулық әйелдің сөзінше, бір күні таңға жуық уақытта мысық мазасызданып, “дабыл қаққандай” болып балаларды оятқан. Ол түтінді бірінші болып сезген.

Өрт таңертең, үйдегілердің барлығы ұйықтап жатқан кезде шыққан. Әйелдің айтуынша, ол бұған дейін балаларымен өрт қауіпсіздігі бойынша бірнеше рет әңгіме жүргізген. Соған қарамастан кіші баласы жылытқышты өз бетінше қосқан.

“Жылытқыштарды ұзартқышқа қосуға болмайды. Мұны бәрі біле бермейді, бірақ бұл – өрт қауіпсіздігінің ең алғашқы ережелерінің бірі. Ұзартқыштың сым қимасы мұндай қуатты электр құралдарына арналмаған. Біз төтенше жағдайларда не істеу керегін үнемі айтып отыратынбыз. Түрлі төтенше жағдай кезінде қалай әрекет ететінімізді сценарий ретінде ойнап та көрдік. Соның нәтижесінде балалар есептегіштегі негізгі ажыратқышты тауып, пәтерді толықтай электр желісінен ажыратты да, мен киініп жатқан уақытта өртті сумен тез өшіріп үлгерді”, – дейді ол.

Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ, алайда мүліктің бір бөлігіне зақым келді.

Айым Болатқызы
Бейсенбі, 08 Қаңтар, 2026 08:28