Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтауда бір отбасы мүгедектігі бар қазақстандықтарды қайыр сұрауға мәжбүрлеген

Ақтаулық отбасы адамдарды еңбек құлдығында ұстаған

Фото: Ru.freepik.com

Ақтауда 50 жастағы әйел мен оның үш баласы адамдарды заңсыз бостандығынан айырып, жұмысқа жеккені үшін кінәлі деп танылды. Отбасы мүшелеріне үкім шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Сотталушылар 2023 жылдың қазанынан 2024 жылдың наурызына дейін екі мүгедектігі бар ер адамды еркінен тыс ұстап, қайыр сұратқан. Аяқтары жоқ жәбірленушілерді алғашында Қарағандыдан алдап алып кетіп, Семейде қайыр сұрауға мәжбүрлеген. Кейін Ақтауға көшіріп, оларға базарларда қайыр сұратып, құлдықта ұстаған. Сөйтіп барлық тапқан ақшаларын тартып алып отырған.

“Осы уақытта олар жәбірленушілерге үнемі қорқытып, әсіресе қашып кетуге әрекеттенгені үшін психологиялық және физикалық зорлық-зомбылық көрсеткен. Тек 2024 жылғы наурызда олардың бірі полицияға хабарласып, қылмыстық схеманы әшкерелеуге жағдай жасаған”, – деп мәлімдеді Бас прокуратура.

Ақтау қалалық сотының шешімімен үш сотталушы да 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Маңғыстау облысының прокуратурасы азаматтарды заңсыз бас бостандығынан айыру және адам еңбегін қанау фактілері туралы мына сенім телефонына хабарлауға шақырады: 8 (747) 139-18-39. Анонимдікке кепілдік берілетініне уәде берді.

Айым Болатқызы
Жұма, 04 Шілде, 2025 20:13
Талқылау