Ақтауда білім бөлімінің басшысы торт сыйлаған балабақша директорларын антикорға ұстап берді
Ақтауда қалалық білім бөлімінің басшысы өзіне сауда үйінен сертификат пен торт алып келген балабақша директорларын антикорға ұстап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бұл туралы қоғамдық коммуникациялар алаңында өткен брифингте Маңғыстау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті басшысының бірінші орынбасары Біржан Хайруллин айтты.
“Ақтау қаласындағы 26 жеке балабақшаның директоры бірігіп 1000 теңгеден жинап, Ақтау қалалық білім бөлімінің басшысына жалпы сомасы 40 мың теңгеге сауда үйінен сертификат пен торт сыйлаған. Бұл жағдай туралы білім бөлімінің басшысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке өзі хабарлады. Лауазымды тұлғаға сыйлық беруге әрекеттенген 25 балабақша директоры өз іс-әрекеттерін бірден мойындады. Оларға қатысты ҚР ӘҚбК 676-бабына сәйкес әкімшілік хаттама жасақталып, әрқайсысы 345 000 теңге айыппұл төледі”, - делінген ақпаратта.
Сондай-ақ, тағы бір балабақша директоры бұл жағдай бойынша өз әрекетін мойындаудан бас тартқан. Сол себепті іс әкімшілік сотта қаралып, ақырында кінәлі деп танылды. Осылайша ол 483 000 теңге айыппұл төлеген.
Осы жағдайға байланысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мемлекеттiк қызметшiнiң өзiне бағынысты тұлғалардан қандай да бір себептерiне қарамастан сыйлық қабылдауға құқығы жоқ екенін ескертті.
"Бәрі бір сәтте мәнсіз болып қалды": Таяу Шығыста қиын жағдайға тап болған қазақстандықтар көргендерін айтып берді