Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтауда білім басқармасының экс-басшысы мен мектеп директорлары жемқорлық үшін сотталды

Ақтау қалалық сотында білім бөлімінің бұрынғы басшысы мен үш мектеп директорына және жеке кәсіпкерге қатысты қылмыстық іс қаралды. Барлық айыпталушылар жемқорлық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: pixabay.com

Кәсіпкер оқушыларды тамақпен қамтамасыз ету үшін үш мектеппен келісім-шарт жасасқан. Көрсетілген қызметтерге келісімге кедергісіз қол қою, қаражатты тез аудару және жалпы қамқорлық үшін ол бірнеше рет лауазымды адамдарға - сол кездегі білім басқармасының басшысына (Б.-ға 4 млн теңге) және үш мектеп директоры (С.-ға 800 мың теңге, Н.-ға 2 млн теңге және Е.-ге - 1 млн теңге) пара берген. Аталған тұлғалар ақшадан бас тартпаған.

Сотталушылардың кінәсі куәгерлердеің жауаптарымен, сараптама қорытындыларымен, қарап-тексеру хаттамасымен және басқа да іс-құжаттарымен дәлелденді.

Сот айыпталушылардың өз әрекетіне шын жүректен өкінгенін, жеке кәсіпкер мен мектеп директорларының бірінің кішкентай балаларының болуын есекере отырып, олардың жауапкершілігі мен жазасын жеңілдетті. Ауырлататын мән-жайлар анықталмады.

“Сот үкімімен Б. мен Н.-ға қылмыстық кодекстің 366-бабы, 2-бөлігімен 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. С. дәл осы бап бойынша 4,5 жылға сотталды. Е. қылмыстық кодекстің 366-бабы 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған қылмыстық кодекстің 55-бабы 2-тармағына сәйкес 40 миллион теңге (параның 40 еселенген мөлшерінде) айыппұл салынды. Кәсіпкер қылмыстық кодекстің 367-бабы 3-бөлігінің 3-тармағымен 7 жылға сотталды”, – делінген хабарламада.

Сотталғандар өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айырылады. Үкім заңды күшіне енген жоқ. 

Талқылау