Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтау тұрғындары қала орталығындағы қоқысқа шағымданды

ақтау қоқыс

Фото: lada.kz

Жергілікті тұрғындар 6А шағын ауданындағы (Меловая – авт. еск.) ретсіз қоқыс үйіндісіне шағымданды. Олардың айтуынша, белгісіз адамдар бұл жерге үнемі ірі көлемді қоқыс әкеліп төгеді, ал аумақ есірткі жасыратын орынға және белгісіз сұйықтықтарды төгетін жерге айналған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Lada.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

“Адамдар көлікпен келіп, ірі көлемді қоқысты төгіп кетеді. Есірткі қолданатындар бұл жерді жасыратын орын ретінде пайдаланып жүр. Бұдан бөлек, мұнда қандай екені белгісіз сұйықтықтарды да төгеді. Бұл қашан тоқтайды және бұған кім жауап береді?” – дейді тұрғындар.

Қала тұрғындарының өтінішіне Ақтау қаласының әкімдігі жауап берді. Әкімдік мәліметінше, сөз кадастрлық нөмірі 13-200-020-509 болатын, аумағы 3,1869 гектар жер учаскесі туралы болып отыр.

Берілген мәліметке сәйкес, бұл жер учаскесі жеке меншікте және "Терминал Порт Сервис" ЖШС-не тиесілі.

Жер телімі тұрғын үй кешені, бизнес-орталық, спорттық-сауықтыру және емдеу кешендері, қонақүй, қоғамдық тамақтану нысандары, сауда қатарлары, дүкендер, автоорталық, автосалон, автожуу және техникалық қызмет көрсету орталығын жобалау, салу және пайдалану үшін арналған.

Әкімдікте сондай-ақ бұл жер учаскесінің бұрын бірнеше рет иесі өзгергенін хабарлады. 2010 жылы ол "MOBILEX ENERGY LIMITED" ЖШС-нің атына рәсімделген, ал 2011 жылы жеке меншікке берілген. 2020 жылы жер учаскесі "Кишар" ЖШС-нің иелігіне өткен, ал 2022 жылы "Терминал Порт Сервис" ЖШС-не сатылған.

Қалалық жер қатынастары бөлімінің мамандары аумаққа көзбен шолып тексеру жүргізді. Тексеру барысында жер учаскесінің бүлінгені және оның аумағында қатты тұрмыстық қалдықтар мен қоқыс жиналғаны анықталды.

Әрі қарай шара қабылдау үшін ақпарат жер ресурстарын басқару жөніндегі өңірлік департаментке және экология департаментіне жолданды.

Назархан Уән
Жексенбі, 08 Наурыз, 2026 16:23