"Қазхром" ауаны ластағаны үшін мемлекетке миллиард теңгеге жуық айыппұл төлейтін болды
Фото: kazchrome.com
"Қазхром "ТҰК" АҚ экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін 854 миллион теңге айыппұл төледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Қазхром" АҚ құрамына кіретін және ERG (Eurasian Resources Group) бақылайтын Ақсудың ферроқорытпа зауыты ауаны ластағаны үшін мемлекетке 854,9 миллион теңге көлемінде айыппұл төледі.
Павлодар облысының экология департаменті зауытта тексеруді табиғат қорғау прокуратурасымен бірлесіп жүргізген.
Инспекторлардың анықтауынша, 2025 жылдың қаңтарынан сәуіріне дейін зауыт атмосфераға рұқсат етілген мөлшерден 663,67 тоннаға артық ластаушы заттар шығарған.
"Бұзушылық фактісін өндірістік экологиялық бақылау есептері мен 870-нысан бойынша салық декларациялары растады", – делінген хабарламада.
Бұл Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 328-бабы 1-бөлігіне (Қоршаған ортаға жол берілетін антропогендік әсер ету нормативтерін бұзу) сәйкес сараланып, айыппұл толық көлемде бюджетке төленген.
Ақсудың ферроқорытпа зауыты — "Қазхром" құрамындағы филиал. Ал "Қазхром" – Қазақстандағы тау-кен металлургия саласындағы ірі кәсіпорындарды бақылайтын ERG құрылымына кіреді. 2024 жылға "Қазхромның" жарияланған жалпы табысы шамамен 225 миллиард теңге болды.
ERG-нің негізгі акционерлерінің қатарында — Патох Шодиев, Шухрат Ибрагимов және Александр Машкевичтің мұрагерлері бар.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбеде “Қазхром ТҰК” АҚ Дөң тау-кен байыту комбинатына қарасты “Болашақ” шахтасында сутегі газы шығып, салдарынан үш адам күйік алып ауруханаға түскені туралы жазған едік.