Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бұрынғы Денсаулық сақтау министрі МӘМС қаражаттарының не үшін ұрланғанын түсіндірді

Фото: Елжан Біртановтың желідегі парақшасынан

Желіде COVID-19 пандемиясы кезінде қаржы жымқырды деп айыпталған Елжан Біртанов сол кезде жасалған электронды платформа дайын болса да әлі іске қосылмағанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Экс Денсаулық сақтау министрі өзіне айып тағылғанын алға тартты.

“COVID-19 пандемиясы кезінде, өздеріңіз білетіндей, маған және менің орынбасарыма қарсы денсаулық сақтау саласына арналған электронды платформаны жасауға бөлінген қаржыны жымқырды деген айыппен қылмыстық іс қозғалды. Кейін сот барынша ашық өтті. Куәгерлердің барлық сөздерін тыңдасақ, техникалық мамандардан бастап сол кездегі министр Цойға дейін барлығы платформаның іс жүзінде дайын болғанын растаған. Жобаны әзірлеген шведтік Ericsson компаниясының ресми ұстанымы да айқын болды. Олар барлық жұмысты орындап, жүйені Қазақстан мүддесі үшін іске қосуға дайын еді. Алайда бұл ұсыныс ескерусіз қалды. Платформа сол қалпында қалды”, – деді ол.

Біртановтың айтуынша, кейінгі министрлер денсаулық сақтау саласында ғана емес, цифрлық даму саласында да, сондай-ақ вице-премьерлер, оның ішінде Тоғжанов пен Дүйсенова да платформаның жақын арада іске қосылатынын мәлімдеген.

“Біз сотқа да, үкіметке де жүгіндік, платформаның іске қосылмауы бүкіл ел халқына зиян келтіріп отырғанын түсіндірдік. Оның салдары қазірдің өзінде апатты. Бірақ ешкім мәселені мойындағысы келмейді. Мен ең болмағанда осы платформаның баламасын жасауға болады деп ойладым. Өйткені егер платформа болмаса, түрлі компаниялар жасаған, түрлі бағдарламалау тілдері мен стандарттары бар жүйелерді біріктіру мүмкін емес. Мұндай мәселе қаржы саласында да, медицинада да Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде бар. Басқа елдерде бұл деректерді бөлісу және жүйелерді біріктіру үшін арнайы платформаларды қолданады.



Бұл ірі жобалар, суперкомпьютерлер немесе ядролық реакторлар сияқты үлкен нарық. Оны әр ел өз бетінше жасай алмайды. Ал біздің ескі платформаны іске қосып, артық шығынсыз пайдалануға болар еді. Ол Oracle жүйесінде жасалған және интероперабельдік платформалар бойынша әлемдік көшбасшы. Келісімшарт та, лицензия да мерзімсіз. Тек Ericsson немесе басқа компанияны шақырып, жұмысты жалғастыру жеткілікті”, – деп қосты ол.

Біртанов бұл жаңа платформаны нөлден жасағаннан әлдеқайда тез әрі арзан болатынын жеткізді.

“Қазір Денсаулық сақтау министрлігі тағы да жаңа шешім ұсынуға уәде беріп отыр. Бұған дейін ондай 150 нұсқа қарастырылған. Бірақ бес жыл бойы бір орында тұрып, тек сөзбен шектелдік. Ал ескі платформаны пайдалансақ, ол қазірдің өзінде жұмыс істеп тұрар еді. Міне, жағдай осындай. Олар істемей отыр, мүмкін, мен сияқты жағдайға ұшыраудан қорқатын болар. Қазіргі министр мен командасына тек сәттілік тілеймін. Алда қиын міндеттер тұр. Олар жағдайды жақсы түсінеді және адалдықпен дұрыс шешім қабылдамайынша, ештеңе шықпайды. Қорықпай, адалдықпен шешім қабылдаудың уақыты келді, оны кейінге қалдырмау керек ”, – деді ол.

“Мен пайдаланбаймын ғой, ақшам қайда кетеді?": МӘМС-тен 26 миллиард теңге ұрлық анықтады

Біртанов сонымен қатар, МӘМС қаражатының қайда кетіп жатқаны белгісіз екенін де алға тартты.

“Бір нәрсені түсіну керек, денсаулық сақтау жүйесінің негізгі пайдаланушылары – 60 жастан асқан адамдар. Тіпті қарапайым емханаларға барсаңыз, көбіне соларды көресіз. Әрине, сол жерде балаларымен келген аналар да бар. Бірақ олар көбіне тұмау, ЖРВИ сияқты жеңіл аурулармен жүгінеді. Орта жастағы адамдардың әдетте, дені сау. Сондықтан олар жүйені сирек пайдаланады. Сол себепті кейде олар: “мен пайдаланбаймын ғой, менің ақшам қайда кетеді?" деп ойлайды. Бірақ шын мәнінде жүйе жұмыс істеп жатыр. 

Өткен жылы Қаржы мониторингі агенттігі 26 миллиард теңге көлемінде ұрлықтарды анықтады. Бұл қордағы барлық қаражаттың тек 1%-ы ғана екені белгілі болды. Иә, бір пайыз көп болып көрінуі мүмкін. Бірақ бұл дегеніміз барлық ақша ұрланып жатыр деген сөз емес. Қарапайым азаматтар мен үкімет үшін бір пайыз да тым көп. Мәселенің басты себебі қарапайым: қор мен Денсаулық сақтау министрлігінде ақша ағымын бақылаудың цифрлық жүйесі жоқ. Бұл туралы "Ақпараттық жүйелерді біріктіреміз" деп бірнеше жыл бойы айтылып келеді. Бірақ іс жүзінде ол әлі жасалған жоқ.

Егер жүйе дұрыс жұмыс істесе, мұндай күмәнді транзакциялар автоматты түрде тоқтатылатын еді. Мысалы, біз медициналық протокол бойынша бір жыныстың пациентіне басқа жыныстың қызметін көрсете алмаймыз. Егер мұндай жағдай болып жатса, демек жүйелер біріктірілмеген деген сөз”, – деп қосты ол.

Айта кетейік, бұған дейін Экс-министр Елжан Біртанов пен оның бұрынғы орынбасары Олжас Әбішевке қатысты сот үкімі шығарылғаны және Елжан Біртановтың мемлекетке келтірілген шығынды толық өтеуіне 561 жыл керектігі туралы жазған едік. 

STAN.KZ
Дүйсенбі, 19 Қаңтар, 2026 13:02