"Ақшасы төленеді": Қостанай әкімі мұғалімдердің жағажайға кезекшілікке өз еркімен жазылғанын айтты
Фото: gov.kz
Қостанай әкімі Марат Жүндібаев жағажайларға енді құтқарушылармен бірге мұғалімдерді де кезекшілікке шығару туралы шешімін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Облыс орталығындағы жағажайларда қауіпсіздік ережелерінің сақталуына бақылау күшейтілді. Енді құтқарушылармен бірге бұл жерде мұғалімдер де кезекшілікке шығады. Қазірдің өзінде 121 педагог кезекшілікке жазылып қойған.
Бұл шешімі жайында Марат Жүндібаев түсініктеме берді.
Мұғалімдерді демалыста оқушыларға рейд жүргізуге шақырған Қостанай әкімі сынға қалды
"Мен бұл шешімді болған қайғылы оқиғадан кейін қабылдадым. Мұндай жағдайларды болдырмау үшін кез келген әдіс орынды. Айта кетейін, бұл жерде педагог мәртебесі туралы заң бұзылған жоқ. Себебі әрбір мұғалім, педагог немесе білім беру саласының қызметкері қосымша табыс табуға құқылы. Яғни олар жазғы лагерьлерде, мектеп жанындағы лагерьлерде жұмыс істей алатыны сияқты, осы бақылау тобында да жұмыс істей алады. Олар суға түсіп, адамдарды құтқармайды, тек жағалауды аралап, жасөспірімдерді анықтап, оларды ата-аналарына немесе мектепке тапсырады. Егер мұндай жағдай қайталанса, ата-аналар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Желіде "Жүндібаев бізді мәжбүрлеп жатыр" деген әңгімелер тарады. Бірде-бір мұғалімге "Сен тегін жұмыс істейсің, демалысқа шықпайсың" деп мәжбүрлеген жағдай болды ма? Бізде жастар, жас педагогтар, білім қызметкерлері қосымша табыс табу үшін өз еріктерімен қатысып отыр. Бұл – қалыпты жағдай. Бұл жерде мәселе "Жүндібаев барлық мұғалімді өзенге шығарып, күндіз-түні жүруге мәжбүрлеп жатыр" дегенге тіреліп отыр. Бірақ кім мәжбүрледі? Қазірдің өзінде 121 адам өз еркімен жазылып қойды. Олардың бүкіл жазғы уақыты толық жоспарланған", – деп түйіндеді Марат Жүндібаев.
Еске салсақ, осыған дейін Қостанайда министрліктің тыйымына қарамастан мұғалімдерді жағажайға кезекшілікке шығарып жатқаны туралы жазған едік.

"Күйеуім бала көтертпеу үшін вазэктомия жасатты": Екі баласымен корей азаматына күйеуге шыққан әйелдің өмірі қалай өзгерді
