Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ақшамен шешуге болады" деді": Турист қазақстандық полицейдің негізсіз 1,5 миллион теңге сұрағанын айтып, шағымданды

полиция 1,5 миллион теңге сұрағанФото: Видеодан скрин

Қазақстанға саяхаттап келген ресейлік турист жергілікті полицияның пара сұрағанын айтып, шағымданды. Оның сөзінше, құзырлы орган өкілдері кінә тағуға негіз таппай, түрлі сылтаумен ақша талап еткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Олар Қазақстанда жергілікті полицияның туристерді түрлі жолмен "айыптауға" тырысатынын естіп, барынша дайындалып келгенін жеткізді. 

"Алдын ала сақтандыру сатып алдық. Көліктегі жарық шамдарын ауыстырып, жол ережелерін мұқият қарап шықтық. Барлығына дайын болдық. Бірақ бір нәрсеге, яғни Қазақстанда ақша үшін алдауы мүмкін екеніне дайын болмадық", – дейді турист. 

Ресейлік турист әуелі достарын полиция тоқтатып, бір жарым миллион теңге талап еткенін айтты. 

"Полиция қызметкері еш негізсіз досымызды алкоголь өлшейтін құрылғыға үрлеуге мәжбүрледі. Барлығы тәртіпке сай болғанына қарамастан, құрылғы 0,17 промилле көрсетті. Бұл жүргізуші куәлігінен айыруға жеткілікті көрсеткіш. Соңында мәселені "ақшамен шешуге" болатынын айтты. Олар шамамен 1,5 миллион теңге талап етті", – дейді ресейлік әйел. 

Сондай-ақ ол біраз жол жүрген соң өзі мінген көлікті де полиция қызметкерлері тоқтатқанын жеткізді. 

"Жолда біз мінген көлікті де тоқтатты. Құжаттарды бірден алып қойды. Досым Вованың жүргізуші куәлігін де тартып алды. Мен сақтандыру полисін көрсетіп: "Тағы не қажет?" десем, "бәрін тексереміз" деді. Сол сәтте біз видеоны түсіріп жатқан балаларды шақырдық. Камераны көрген бойда бірден шегініп, бізді босатты", – дейді ол.



Ресейлік саяхатшы бұл жағдай Қазақстан нашар дегенді білдірмейтінін жеткізді. 

"Мәселе қазақтар жаман немесе Қазақстан нашар ел дегенде емес. Қазақстан расында керемет, қонақжай мемлекет. Бірақ өзіңді бөтен елде әмиян секілді сезіну нағыз қорлық", – деді турист. 

Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Ішкі істер министрлігінен мән-жайды сұрап білді. Олар полицейлердің заңсыз әрекетіне қатысты тексеру жүріп жатқанын айтты. 

"Әлеуметтік желіде келтірілген барлық дәлелдер қызметтік тергеу аясында тексеріледі. Айта кетейік, Ішкі істер министрлігінде полиция қызметкерлерінің заңсыз әрекеті туралы хабарлайтын 1402 бірыңғай сенім телефоны жұмыс істейді. Қазір ведомство ішкі істер органдарының жеке құрамының, оның ішінде сыбайлас жемқорлық сипатындағы заңдылық пен тәртіпті бұзу фактілерінің алдын алу үшін қажет шаралар қабылданып жатыр. Сондай-ақ "102" мобильді қосымшасы, Egov Mobile-да "Заң және тәртіп" қойындысы бар. Онда азаматтардың құқықтары мен мүдделерінің бұзылуы туралы ақпаратты жедел жіберуге болады", –делінген хабарламада. 

Айта кетейік, бұған дейін Түркістан облысында шетелдік азамат полицейлерге пара ретінде блендер бермек болғаны туралы жазған едік. 

Жұмаділлә Нұрила
Дүйсенбі, 14 Шілде, 2025 19:00
Талқылау