Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ақша тым көп": Ұлттық банк Қазақстандағы инфляцияның басты себебін атады

Ұлттық банк төрағасы жаңа Салық кодексі күшіне енгеннен кейін не болатынын айттыФото: Ұлттық банктің баспасөз қызметі

Қазақстанда инфляция экономикадағы ақша көлемінің көптігінен өсіп жатыр деп мәлімдеді Мәжіліс кулуарларында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

"Біздің ойымызша, инфляцияның негізгі себебі — ақша көлемінің тым көп болуы. Ақша агрегаттары шамамен 18%-ға өсті. Бұған дейін олар біраз төмендеген еді, қазір қайтадан өсіп жатыр. Яғни экономикаға тым көп ақша құйылуда. Екі негізгі көзі бар: фискалдық шығындардың көптігі және тұтынушылық несиелеудің артуы", – деді Тимур Сүлейменов Мәжіліс кулуарларында.

Оның айтуынша, бұл экономикаға айтарлықтай көлемде ақша құйылып жатқанын көрсетеді. Ақша массасының көбеюінің негізгі көздері — үкіметтің фискалдық шаралары және тұтынушылық несие көлемінің артуы.

Сүлейменов атап өткендей, тауарлар, жұмыстар мен қызметтер ұсынысы өсіп жатқан сұранысқа ілесе алмай отыр, нәтижесінде экономика қызып, инфляция үдеп барады. Бұған жауап ретінде Ұлттық банк ақша массасының өсуін шектеуді және тұтынушылық несиелеуді қатаң реттеуді жоспарлап отыр, ал үкімет фискалдық шоғырландыру бағытын жалғастырады.

Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстанда 2025 жылғы қыркүйекте жылдық инфляция 12,9% болды, ал тамызда бұл көрсеткіш 12,2% болған. Ақылы қызметтердің бағасы бір жылда 15,3%-ға өсті. Тамызда бұл көрсеткіш сол деңгейде қалған.

Азық-түлік тауарлары 12,7%-ға қымбаттаса (тамызда — 11,7%), азық-түліктік емес тауарлар 10,8%-ға өсті (тамызда — 9,7%).

Жылдық инфляцияның ең үлкен үлесі:
•    азық-түлік және алкогольсіз сусындар – 5 пайыздық тармақ,
•    тұрғын үй-коммуналдық қызметтер – 1,9 пайыздық тармақ,
•    денсаулық сақтау – 1,5 пайыздық тармақ қосты.

2025 жылғы қыркүйекте ең жоғары жылдық инфляция Қарағанды облысы – 14,9%, Ұлытау облысы – 14,4%, Солтүстік Қазақстан облысы – 13,6% болды.

Ең төмен инфляция деңгейі Қостанай облысы – 12%, Жамбыл облысы – 11,6%,Қызылорда облысы – 10,9% болып тіркелді.

Қыркүйек айындағы айлық инфляция 1,1% болды (тамызда – 1%).

•    Азық-түлік емес тауарлар бағасы 1,5%-ға,
•    ақылы қызметтер – 1%-ға,
•    азық-түлік тауарлары – 0,9%-ға өсті.

Инфляция — бұл халық жеке тұтыну үшін сатып алатын тауарлар мен қызметтердің бекітілген тізімі бойынша орташа баға деңгейінің уақыт өте өзгеруін сипаттайтын көрсеткіш.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында ел экономикасындағы басты мәселе — жоғары инфляция екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл көрсеткіш халық табысы мен экономикалық өсімді жоққа шығарады. Сондай-ақ, инфляцияны төмендетудің дайын шешімі жоқ екенін айтып, мұндай мәселемен көптеген елдер бетпе-бет келіп жатқанын жеткізді. Бірақ Қазақстанда бағаның өсуі ерекше өткір сипат алған.

"Біз бұл макроэкономикалық тұйық шеңберден шығуымыз керек", – деді Президент.

Мемлекет басшысы     Үкімет пен Ұлттық банк бір команда ретінде әрекет етуі керек екенін қадап айтты. Оның пікірінше, қазіргі жағдай қатаң үйлестіруді талап етеді, ведомствоаралық келіспеушіліктерге жол беруге болмайды.

2026-2028 жылдарға арналған бюджет жобасын таныстырған Премьер-министрдің орынбасары — ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Ұлттық қордан нысаналы трансферт түрінде қосымша қаражат тарту қажет етілмейтінін, бюджет өзін-өзі қамтамасыз етеді деп мәлімдеді.

Оның айтуынша, Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт жыл сайын 2,7 трлн 770 млрд теңге мөлшерінде айқындалған. 2026-2028 жылдары шығыстардың өсу қарқыны 108,7-109,3% деңгейінде тұрақтандырылды.

"Республикалық бюджеттің шығыстары 2026 жылы 27,7 трлн теңгені немесе ЖІӨ-ге 15,1%-ды, 2027 жылы 28,8 трлн теңгені немесе ЖІӨ-ге 14,0%-ды, 2028 жылы 29,8 трлн теңгені немесе бюджеттік ережелерінде белгіленген лимиттер сақталған кезде ЖІӨ-ге 13,0%-ды құрайды. Кірістер мен шығыстардың осындай көлемдерінде Ұлттық қордан нысаналы трансферт түрінде қосымша қаражат тарту қажет етілмейді, бюджет өзін-өзі қамтамасыз етеді",— деп атап өтті Серік Жұманғарин.

Сондай-ақ фискалдық және мұнай емес тапшылықтардың мәндері 2026 жылы ЖІӨ-ге шаққанда 2,5% және 4,9% деңгейінде айқындалғаны, кейіннен 2028 жылы ЖІӨ-ге шаққанда 0,9% және 2,7%-ға дейін төмендеуі болжанып отырғаны атап өтілді. Осыны ескере отырып, Үкіметтің қарызы 2026 жылы ЖІӨ-ге 21,4% деңгейінде болады, 2028 жылы 19,6%-ға дейін төмендейді, бұл белгіленген ковенанттардан аспайды.

Айнұр Мұхади
Сәрсенбі, 22 Қазан, 2025 11:19
Талқылау