Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Хостелге орналастырып, толыққанды тамақтандырмаған: 300-ге жуық қазақстандық БАӘ-ден елге орала алмай отыр

КоллажФото: Коллаж

Иран-Израиль қақтығысы салдарынан Біріккен Араб Әмірліктерінен елге орала алмай отырған қазақстандық туристер шағымын жеткізді – олар бос қонақүй жоқ екенін, хостелдерге орналасқанын, бөлмеге тек қонуға ғана кіргізілетінін айтады. Оның үстіне бюджеттік қонайқүй иелері оларды толыққанды тамақтандырудан, яғни түскі ас пен кешкі ас беруден бас тартқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Оксана Колесниченко қызымен Дубайға демалуға барған. Алайда қызық өтуге тиіс демалыс нағыз сынаққа айналып отыр. 13 маусымда олар Астанаға ұшып кетуі керек болған. Бірақ сол күні көршілес Иранда әскери қақтығыс басталып, рейстер тоқтатылды. Ал Қазақстанға ұша алмай қалғандардың барлығы эконом-кластағы қонақүйлерге орналастырылған. Оксана онда тек таңғы ас берілетінін, ал бөлмеге түнде ғана кіргізетінін айтып шағымданды.

"Күнде сағат 12-де бізді бөлмемізден шығарып жібереді. Біз, чемодандармен, қайталап айтайын, балалары бар адамдар көп, кейбіреулерінде үш, төрт баладан бар, бәріміз чемоданымызбен холлға шығып, әйтеуір бір нәрсе күтіп отырамыз. Ешкім ештеңе ескертпейді. Бізге тек таңғы ас беріледі, болды. Басқа ештеңе берілмейді. Қалған уақытта әркім әр жерден тамақтанады. Алайда адамдардың ақшасы таусылған", – дейді ол.

Оксанамен бірге қонақүйде тағы 30 жерлесіміз жатыр. Біріккен Араб Әмірліктерінде барлығы 300-ге жуық қазақстандық бар. Дипломаттарымыздың айтуынша, олар жақын күндері елге қайтарылады. Бірер күн бұрын FlyDubai компаниясының екі ұшағы Алматыға 332 адамды жеткізіп үлгерді.

дубай

Видеодан скриншот

"Қазір кейбір әуекомпанияларының Біріккен Араб Әмірліктерінен Қазақстанға рейстерінің тоқтатылуына байланысты басым бөлігі туристерден тұратын Қазақстан Республикасының 300-ге жуық азаматының ұшып кетуі қиындап отыр. Оқиға орнында дипломаттарымыз жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта әуе компанияларымен жасалған келісімнің арқасында азаматтардың жартысынан астамы елге оралады деп күтіліп отыр", – деп мәлімдеді сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.

Қазақстандық әуекомпанияларға ерекше бұйрыққа дейін Иран, Израиль, Сирия, Ирак, Иордания және Ливанның әуе кеңістігінде және оған жақын жерде ұшуға тыйым салынды. Бұл Біріккен Араб Әмірліктерінен ғана емес, Мысыр мен Катардағы туристеріміздің де елге оралуына қиындық туғызып отыр. Кейінгі төрт күнде 2 мыңға жуық жерлесіміз эвакуацияланды. Қазір Әмірліктерде ғана туристеріміз қалған. Олар Алматыға жеткізіледі.

"Әмірліктердің ұлттық тасымалдаушыларының бірі, атап айтқанда FlyDubai және Air Arabia рейстерді орындаудан бас тартты. Олар бұл мәселені шешуге тырысып көрді. Тым болмаса Алматыға дейін ұша алатын ірі ұшақтар табуға тырысты. Әуе компанияларына қиын соғып тұр. Яғни, оларда жанармай толық, жолаушы толы. Қашықтығын ескерсек, ұшу қашықтығы жеті сағаттан асатындай ұшақ аз", – дейді "Туристик қамқор" қорының төрағасы Инна Рей.

Қазақстандық әуе компаниялары бағыттарын реттеуге мәжбүр болды. Енді олар Дубайдағы адамдарды Алматыға Оман, Пәкістан, Ауғанстан арқылы тасымалдайды. Бұл бағыт ұзағырақ әрі көп уақыт алады.

Аида Тақабаева
Сейсенбі, 17 Маусым, 2025 11:26
Талқылау