"Ақша таратып, нағашысының қорасын өртеді": Қарақат Әбілдина ұлының тентектігін айтып, елді күлдірді
Қарақат Әбілдина тұңғыш ұлына қатысты қызықты деректермен бөлісті. Айтуына қарағанда, Бекболат бала күнінде ауладағы бүкіл досына ақша таратып, нағашыларының қорасын өртеген. Бұдан өзге де қызықтары жайлы Әбілдина Instagram-дағы парақшасында жазды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
“22 жасымда алғаш ана атандырып, тұла бойымды жарып шыққан тұңғышым - Бекболатым. “Уызға жарып өскен” деп үш жасқа дейін емген баланы айтуға болатын шығар. Өте ерке өсті. 8 жасқа дейін үйде бір өзі болды. Жоқ дегенді білмеді.
Әкесі роддомнан алып шығуға келгенде түйе, аққу, синтепоннан үш комплект әкеліп, дәрігерлерді таңғалдырған. Қуанғаны сонша, менің киімімді ұмытып кеткен ғой. Қыс ішінде үй тәпішкесімен, біреудің дубленкасын, бас киімін киіп шыққанмын. Бұл қызықтың басы.
Үйден шығарда 3 кг сарымсақты турап, 3 бөлмелі үйге жағалай қойып шыққан ғой. Вирустан қорғағаны. Енді үйге кірейік десек, ащы иіс бүкіл подъезді алып кеткен. Тұншығып қала жаздап, терезе ашып желдеткенше 1 сағаттай үйге кіре алмай, есік алдында тұрғанбыз", – деп жазды Әбілдина.
Әншінің айтуынша, Бекболат өскенше қызықтың түр-түрін көрсеткен. Жаңадан жүре бастаған кезінде жоғалып кетіп, анасының есін бір шығарған.
"Сүндетке отырғыздық. Достар көрімдікті үйіп тастады. Бір бөлме ойыншыққа толды. Mен дастархан жайып, жүгіріп жүрмін. Бося ақшаларын көрсетіп, "миллион болды” деп мақтанып отырған. Көзді ала бере зып беріп аулаға шығып кетіпті. Көйлекшең. Байқамай да қалдым. Қонақтарды шығарып салып, ұлымды іздеп аулаға шықтым. Қарасам, ауланың балаларында мереке.
Бекболатты сұрадым. Дүкен жақты көрсетті. Дүкенші аң-таң. “Не болды?” деппін. “Мен сізден сұрайын дегем не болғанын” дейді. – Ұлыңыз бір сумка ақшамен келді. Ауланың бар баласына қалағанын әперді. Дүкенді түгелдей босатты. Ақшаны қайдан алдың? Анашың біле ме? – деп едім, “Иә, біледі. Бұл менің ақшам. Әпшуіме берді” деді.
Жүгіріп үйге кірдім. Тәттіні тау қып үйіп тастаған. Бетін бес ит жалағандай болып отыр. Балам, ақшаң қайда? Сен не істегенсің? Саспайды: "Бәрін жұмсадым. Балалаларға шашу қылып шаштым. Тараттым” деп отыр.
Тағы бір қызық. Әкемізге құран оқытамыз деп ауылға келдік. Ағам жаңа салған қорасын көретіп, “Қысқа дайынбыз! Шөбі, көмірі, тезегі, ағашы – бәрін тасып алдым. Міне, қарашы” – деп қаланған отындарын көрсетіп қуанды. Содан бүкіл ауылға қонағасы беріп, енді көрпе-көншек, ыдыс -аяқты жуып-шайып жатқанбыз. Бір кезде "гу" етіп қораның үстінен от шықты.
Жаз. Күн ыстық. Жел. Тілсіз жау лезде күшейді. Дес бермейді. Көмір жанып болсын ба? Ауыл шелектеп су тасып, апақ-сапақта есіміз шықты. Ауданнан өрт сөндіруші жетем дегенше түк қалмай қора отынымен жанып кетті. Мәңгіріп отырып қалдық. Өрт қайдан шықты?!
Бүкіл баланы шақырып сұраққа алды. Сөйтсе, "балалы үйдің ұрлығы жатпас" деген, бұзықтар самаурынның жанындағы сіріңкені алып от жағып көргілері келген. Сіріңке дымқыл болып тұтандыра алмаған. Бекболатқа кезек жеткен. Жанбаған соң жерге тастай салыпты. Желмен шөптің арасына түсіп, бықсып барып тұтанса кезек.
Қысқасы, от жаққан тағы да Бося болып шықты. Үлкендер ұрысып, жиналысқа салып жатқанда үндемей тұрған. Бір кезде: “Жарайды енді. Әдейі істеген жоқпын ғой. Әкем богач! Сендерге жаңа қора салып береді. Ақша береді. Не болды соншама” десін. Сөз тапқанға қолқа жоқ. Адам аман. Соған шүкір дедік те қала бердік.
Сол тынымсыз, ерке балам міне 21-ге аяқ басқан сап-салмақты жігіт болды. Жауапкершілікті сезінетінін білем. Енді ел болып осы балама адал жар, бізге аяулы келін тілейік. Көп тілегі қабыл деген", – деп жазды әнші.