"Ақша талап етті": Актриса Айнұр Ильясова анасына Сызғанов атындағы орталық дәрігерінің қысым жасағанын айтып шағымданды
Фото: Айнұр Ильясованың желідегі парақшасынан
Актриса Айнұр Ильясова Алматыдағы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына ресми түрде шағымданды. Оның айтуынша, А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында жатқан анасын дәрігерлер қысымға алған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға 18 тамыз күні басталған. Сол күні оның анасы клиникаға жатқызылып, 20 тамызда ота жасалған.
"Дәрігер-анестезиологқа тек шұғыл жағдайда хабарласу үшін телефон нөмірімді қалдырған едім. Алайда дәрігер нөмірді басқа мақсатта пайдаланып, маған жазып, ақша талап етті. Директордың атына шағымданғаннан кейін, дәл сол қызметкер анам жатқан палатаға қайта келіп, отадан кейінгі әлсіз күйінде жатқан науқасқа қысым көрсеткен. Анамнан "қызыңызды тыныштандырыңыз" деп талап еткен", – деп жазды актриса.
Актрисаның айтуынша, бұл әрекеттер "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекстің 271-бабының 1-тармағында (медицина және фармацевтика қызметкерлерінің міндеттері), 77-бабының 1-тармағында (пациенттің тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін алуға құқығы) көзделген нормаларды, сондай-ақ медицина қызметкерлері ар-намыс кодексін өрескел бұзады.
"Бұл оқиғаға байланысты қызметтік тексеріс жүргізуді және қайталанбауы үшін шара қабылдауды сұраймын. Денсаулық сақтау жүйесіне деген сенім науқастар мен олардың отбасылары қорғалған жағдайда ғана болуы мүмкін", – деп талап етті актриса Айнұр Ильясова.
Блогер Айнұр Ильясованың шағымынан кейін әлеуметтік желіде көпшілік те пікір қалдырды. Кейбір оқырмандар өздерінің де басынан өткен жағдайларды айтып, дәрігерлердің ақша талап еткенін растады. Бірі перзентханада есін жимай жатқанда анестезиолог ақша сұрағанын жазса, енді бірі жаңа туған сәбиіне "көрімдік" талап еткен санитарка жайлы бөлісті.
Ал басқа пікір иелері бұл тәжірибенің көптен бері жалғасып келе жатқанын айтып, науқастардың қорқып амалсыздан беретінін жеткізді. Дегенмен кей оқырмандар керісінше, осы клиникада жылдар бойы емделіп, мұндай жағдайға тап болмағанын айтып, адал дәрігерлердің еңбегін қорғап шықты.
Бұл мәселеге қатысты А.Н.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығынан ресми жауап сұрадық.
"Ұлттық ғылыми хирургия орталығы 21 тамыздағы Айнұр Ильясованың өтінішіне байланысты қазір қызметтік тергеу жүргізіліп жатыр. Нәтижелері заңда белгіленген мерзімде өтініш иесіне ұсынылады", – деп пікір білдірді А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы.

Қаржылық жағдайы нашарлаған қазақстандықтар алимент төлеуден босатылады: Әділет министрлігі өзгерістерді түсіндірді
