Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

АҚШ Йемендегі хуситтерге әуе соққыларын жасады, 30 адамның қаза тапқаны айтылды

АҚШ президенті Дональд Трамп Америка Йемендегі хусит бүлікшілеріне қарсы "қатаң және қуатты" әуе соққыларын бастады. Ол бұл шешімін Қызыл теңізде қарулы топтың кемелерге шабуыл жасауын тоқтатпағанымен түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Getty Images

Айта кетсек, Қызыл теңіз – мұнай мен отын тасымалдаудың әлемдегі ең маңызды бағыттарының бірі.

"Бүгін мен АҚШ Қарулы күштеріне Йемен террористері – хуситтерге қарсы батыл және қуатты әрекеттерге көшуге бұйрық бердім", – деп жазды Трамп өз әлеуметтік желісінде. 

Ол бұл шешімнің хуситтердің америкалық және өзге де кемелерге, ұшақтар мен дрондарға шабуылдарын тоқтатпағанына жауап екенін атап өтті.

"Хусит-террористерге ескертуім бар: сендердің уақыттарың аяқталды. Бүгіннен бастап шабуылдарыңды тоқтатуларың керек. Әйтпесе, өмірлеріңде көрмеген тозақты бастарыңнан өткересіңдер", – деп қосты АҚШ президенті.

"Біздің ержүрек әскеріміз дәл қазір террористердің базаларына, олардың жетекшілеріне және зымыранға қарсы қорғанысына әуе соққыларын жасап жатыр. Бұл – америкалық теңіз, әуе және әскери-теңіз күштерін қорғау және теңізде еркін жүруді қалпына келтіру үшін қажет", – деп жазды Трамп.

Хуситтер өз мәлімдемесінде АҚШ пен Ұлыбританияны Сана тұрғындарына қарсы "қатыгез" агрессия жасады деп айыптады. Алайда белгілі болғандай, Лондон Йеменге жасалған сенбідегі әуе соққыларына қатыспаған.

Хуситтер бақылауындағы денсаулық сақтау министрлігі АҚШ-тың әуе шабуылдары салдарынан кемінде 30 адамның қаза тауып, тағы 100 адамның жараланғанын хабарлады.

Хуситтер кімдер?

Хуситтер – Иран қолдау көрсететін қарулы бүлікші топ. Олар Израильді жау санайды. Йемен астанасы Сана мен елдің солтүстік-батысын бақылауда ұстайды, бірақ халықаралық деңгейде мойындалмаған үкімет.

Трамп Иранды хуситтерді қолдауды тоқтатуға шақырып, егер бұл жалғаса берсе, АҚШ Тегеранды "толық жауапкершілікке тартатынын" ескертті.

"Америка халқына, өзінің тарихтағы ең үлкен мандаттарының бірін алған президентіне немесе жаһандық теңіз жолдарына қауіп төндірмеңдер. Егер бұлай жасасаңдар, сақ болыңдар – Америка сендерді жауапқа тартпай қоймайды, біз сендермен тіл табысуға тырыспаймыз", – деп қатаң мәлімдеді Трамп.

Хуситтердің шабуылдары және Қызыл теңіздегі дағдарыс

Газа секторындағы соғыс басталғаннан кейін, Иран қолдау көрсететін Йемендегі хусит бүлікшілері ХАМАС-пен ынтымақтастыққа келгендерін жариялады.

Олар Баб әл-Мандеб бұғазынан өтетін кемелерге зымырандар мен дрондар арқылы шабуыл жасай бастады. Бұл бұғаздың ені небәрі 30 шақырым, оны кейде "Көз жасының қақпасы" деп те атайды.

АҚШ Конгресінің мәліметінше, 2023 жылдың қарашасынан 2024 жылдың қазанына дейін хуситтер Қызыл теңізде 190 шабуыл жасаған.

Хуситтер өздерінің Израильге бара жатқан кемелерге шабуыл жасайтынын айтады. Алайда зардап шеккен кемелердің барлығы Израиль бағытына бет алмаған.

Уақыт өте келе, хуситтердің кемелерге шабуылдары күшейе түсті. Олар тіпті Израильге қарай зымырандар мен дрондар жіберді.

Хуситтердің шабуылдарына байланысты көптеген теңіз тасымалы компаниялары Қызыл теңіз арқылы жүруді уақытша тоқтатты. Көптеген кемелер қауіпсіздік мақсатында балама бағыттарды таңдауға мәжбүр.

Қызыл теңіз – әлемдегі мұнай, сұйытылған газ және өзге де тауарларды тасымалдаудың ең маңызды бағыттарының бірі.

Бүлікші топ араб БАҚ-тарына берген сұхбатында шабуылдарын жалғастыра беретінін мәлімдеді.

"Бұл агрессия жауапсыз қалмайды, біздің йемендік қарулы күштеріміз кез келген эскалацияға одан да күштірек жауап беруге дайын", – деп хабарлады хуситтер.

Талқылау