Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

АҚШ-тың Венесуэлаға операциясынан 100 адам қаза тапты – Венесуэла билігі

венесуэла

Фото: AP/Cristian Hernandez

Венесуэланың ішкі істер министрі Диосдадо Кабельо АҚШ операциясының салдарынан 100 адам қаза тапқанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Президент Николас Мадуроның тұтқындалуынан кейін Каракас билігі бұрын қаза тапқандар санын жарияламаған еді. Дегенмен әскер қаза тапқан 23 сарбаздың есімдерін жариялады. Венесуэла шенеуніктері құрбан болғандардың көбі Мадуроның қауіпсіздік қызметкерлері болғанын айтады.

Диосдадо Кабельо Силия Флорес операция кезінде басынан жарақат алғанын, ал Николас Мадуро аяғынан жарақат алғанын мәлімдеді.

6 қаңтарда Венесуэла қаза тапқан сарбаздарды еске алу үшін бір апталық аза тұту жариялады.

Николас Мадуроны тұтқындау 2026 жылдың 3 қаңтары түні болды. Үш сағаттан аз уақытқа созылған операцияда 150 ұшақ қолдаған элиталық Delta Force Каракастағы президент резиденциясына шабуыл жасады. Мадуро мен оның әйелі Силия Флорес тұтқынға алынып, Нью-Йоркке жеткізілді. Олар есірткі терроризмі мен қару-жарақ контрабандасы бойынша күдікке ілінді. Дональд Трамп билік ауысқанға дейін Америка Құрама Штаттары елді "уақытша басқаратынын" мәлімдеді.

Еске салайық, бұған дейін АҚШ билігі Венесуэла президенті Николас Мадуроға есірткі саудасына, терроризммен байланысқа және қару-жараққа қатысты ауыр айыптар таққан. Нью-Йорктегі сотта ол өзіне тағылған айыптарды мойындамай, өзін әлі де Венесуэланың заңды президенті деп мәлімдеді. Ал Каракас бұл әрекеттерді мемлекеттік егемендікті бұзу деп бағалап, халықаралық қауымдастықты АҚШ-тың әрекетіне баға беруге шақырып отыр.

Қырмызы Скендирова
Бейсенбі, 08 Қаңтар, 2026 12:34