Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

АҚШ-тан кейін Еуроодақ та Сирияға салынған санкцияларды алып тастады

Фото: reuters.com

Еуропалық одақ Сирияға қатысты барлық экономикалық санкцияларды алып тастайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

ЕО-ның сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Кая Калластың айтуынша, бұл шешім Сирия халқына елді қалпына келтіруге көмектесу мақсатында қабылданған.

"Бүгін біз Сирияға қатысты экономикалық санкцияларымызды алып тастау туралы шешім қабылдадық. Біз Cирия халқына жаңа Сирияны құруға көмектескіміз келеді", – деп жазды Кая Каллас X әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Шенеунік Еуроодақтың Дамаскке қолдау көрсетуді жалғастыра беретінін атап өтті. 


"Отанына оралуға ниеті жоқ": Сирияда жекелеген топтардың құрамында 30-дан астам қазақстандық бар

"Үреймен көз іліп, қорқынышпен оянады": Ливан мен Сирияда бітімгер болған қазақ қызы жанкешті оқиғасын бөлісті


Айта кетейік, 2025 жылдың 13 мамыр күні Сауд Арабиясында сөйлеген сөзінде АҚШ президенті Дональд Трамп Сирияға салынған американдық санкцияларды алып тастау ниеті бар екенін мәлімдеген еді. Оның айтуынша, шектеулерді алып тастау Сирияға "гүлденуге мүмкіндік береді". Трамп бұл шешім Сауд Арабиясының тақ мұрагері және Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен өткізілген кеңестердің нәтижесінде қабылданғанын ерекше атап өтті.

Келесі күні АҚШ Қаржы министрлігі Сирияға қарсы санкцияларды алып тастау процесін бастап кеткенін мәлімдеді. Министр Скотт Бессенттің айтуынша, Вашингтон бұл шараларды елдегі жағдайды тұрақтандыру және "Сирияның бейбітшілікке бет алуына ықпал ету" мақсатында қолға алған.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанның екі компаниясы Еуроодақтың санкциясына іліккені туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 20 Мамыр, 2025 22:21
Талқылау