АҚШ-та "Крокустегі" жүзден аса адамның өліміне әкелген терактті ұйымдастырды деген күдікпен бір адам ұсталды
АҚШ-тың әділет министрлігі Ресейдегі “Крокус сити холл” ғимаратында болған терактті ұйымдыстырды деген күдікпен бір адамның ұсталғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС-ге сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Мохаммад Шарифулла/FBIDirectorKash/X
Мохаммад Шарифулла – "Ислам ұйымына" (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) кіретін "Вилаят Хорасан" террористік тобының ықтимал мүшесі.
АҚШ-тың әділет министрлігі оған бірқатар террористік актілерді ұйымдастырды деген айып тағып отырғандығын мәлім етті. Олардың ішінде Мәскеу маңындағы "Крокус Сити Холлға" жасалған шабуыл да бар.
Күдікті "Крокус Сити Холл-ға" шабуыл жасаған лаңкестерге нұсқау беріп отырғанын мойындады. Нақтырақ айтқанда ол терактіге қатысушыларға Калашников автоматын қалай пайдалану керектігін көрсеткен. Сонымен қатар Шарифулла тұтқындалған екі лаңкесті танығанын айтты.
АҚШ билігі аталғандармен қоса Шарифулланың 2021 жылдың тамыз айында жанкештінің шабуылынан қаза тапқан 13 америкалық әскери қызметшінің өліміне жауапты деп есептейді.
Еске салайық, 2024 жылдың 22 наурызында бір топ лаңкестер “Крокус сити холл” ғимаратына кіріп, бейбіт адамдарға оқ жаудырған еді. Кейін ғимаратты өртеп жіберген. Нәтижесінде жүзден аса көз жұмып, 1700-ден аса адам жәбірленуші деп танылды.