АҚШ-та көптің алдында сөз сөйлеп тұрған Трамптың жақтасы кісі қолынан қаза тапты
Фото: Trent Nelson/the Salt Lake Tribune/Reuters
АҚШ-тағы Юта штатының Utah Valley университеті кампусында саяси белсенді әрі Трамптың жақтасы Чарли Киркке сөз сөйлеп тұрған сәтте оқ атылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға 10 қыркүйек күні болды. NBC News телеарнасының мәліметінше, қарудың дыбысы Кирк сөз сөйлеп бастаған соң, 20 минуттан кейін естілген. Чарли Киркке 100-200 метр қашықтықтан оқ атылған. Мойнына оқ тиген Кирк ауыр халде ауруханаға жеткізілді. Кейін АҚШ президенті Дональд Трамп Кирктің қайтыс болғанын айтты.
Алғашында жергілікті билік шабуыл жасады деген күдікпен бір адам ұсталды деп хабарлады. Алайда кейіннен қылмыскердің әлі ұсталмағаны анықталды. Кейінірек ФБР басшысы Кэш Пател Киркті өліміне қатысы бар күдіктінің ұсталғанын мәлімдеді. Күдіктінің аты әзірге жарияланған жоқ.
Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде бүкіл ел бойынша жексенбі кешіне дейін төрт күн аза тұту белгісі ретінде туларды төмен түсіруге бұйрық бергенін мәлімдеді.
“Ұлы әрі аңызға айналған Чарли Кирк қайтыс болды. АҚШ жастарын Чарлидей ешкім түсініп, ешкім оған соншалықты жанашыр болмаған. Оны бәрі жақсы көрді әрі оған тәнті болды, әсіресе, мен. Енді ол арамызда жоқ. Мелания екеуміз оның сүйікті жары Эрикаға және отбасына көңіл айтамыз. Чарли, біз сені жақсы көреміз”, — деп жазды Трамп.
31 жастағы Чарли Кирк – Трамптың белгілі қолдаушысы әрі подкаст жүргізуші, ол мектептерде, колледждерде және университеттерде консервативтік құндылықтарды ілгерілету үшін Turning Point USA атты студенттік қозғалыс құрған. Сондай-ақ ол медиада жиі сөз сөйлеп, түрлі оқу орындарында дәрістер мен пікірталастар өткізген.

"Екі күйеу жігіттің де есімі – Нұрсұлтан": Алматылық әпкелі-сіңлі бір күнде ұзатылып, ерекше той жасады
