Мойнындағы металл алқасын шешпеген: Ер адамды МРТ аппараты тартып кетіп, қайтыс болды
Фото: Freepik.com
Нью-Йорктегі медициналық орталықта 61 жастағы ер адам магнитті-резонанстық томография (МРТ) процедурасын алып жатқан әйеліне көмектеспек болғанда өлім құшты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі News 12 Long Island арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл жағдай 16 шілде күні Nassau Open MRI медициналық орталығында болған. МРТ процедурасынан өтіп жатқан әйелі сыртта тұрған күйеуін көмекке шақырады. Күйеуі МРТ тұрған кабинетке сканерлеу жүріп жатқан кезде кірген. Осы кезде күш жаттығулары үшін мойнына тағып алған металл алқасымен қоса ер адамды аппарат өзіне қарай тартқан. Магнит өрісінің күшті болғаны сонша, ол сканерге соғылып, есінен танып қалған. Оны құтқару мүмкін болмаған, ер адам келесі күні қайтыс болып кеткен.
Әйелі Эдриенн Джонс-Макаллистердің айтуынша, тізесіне МРТ түсіріп жатқан кезде аппараттан тұруға көмектесу үшін техниктен күйеуі Кит Макаллистерді шақырып беруін сұраған. Техник күйеуін шақырып берген, алайда ер адам аппарат тұрған бөлмеге мойнындағы салмағы шамамен 9 келі болатын алқасын шешпестен кірген. Бұл алқаны ол күш жаттығулары үшін қолданып жүрген.
"Дәл сол кезде аппарат оны ішке қарай тартып, ол МРТ-ға соғылды. Мен: "Аппаратты өшіріңіздер, 911-ге қоңырау шалыңыздар, бірдеңе істеңіздер! Мынаны өшіріңіздер!" деп айғайладым", – дейді Эдриен Джонс-Макаллистер көзіне жас алып.
Оның айтуынша, техник ер адамды аппараттан тартып алуға көмектеспек болғанымен, онысынан ештеңе шықпаған.
"Қолын бұлғап қоштасты да, денесі сылқ ете қалды", – дейді әйел.
Күйеуін МРТ-дан босатып алған соң, оның жүрек талмасы ұстап қалған.
АҚШ-тың Ұлттық биомедициналық визуализация және биоинженерия институты берген ақпаратқа сәйкес, МРТ аппараттары "темір заттарға, болаттың кейбір түрлеріне және басқа магнит материалдарға өте күшті әсер ететін" "күшті магнит өрісін пайдаланады". Институт хабарламасында бұл аппараттар бөлмеде тұрған мүгедек арбасын тартып алуға шамасы жететіні айтылған.

"Қазақ екеніме сенбейді": Ақтаулық жігіт желіде ерекше келбетімен көзге түсті
