Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

1 миллиард долларға жуық алаяқтық жасаған: Сыртқы істер министрлігі АҚШ-та екі Қазақстан азаматы ұсталғанын растады

Алаяқтық схемасын ұйымдастырды деген айыпталған қазақстандықФото: cwbchicago.com

АҚШ-та алаяқтық схемасын ұйымдастырды деген айып тағылған екі қазақстандық азамат ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ақпаратты еліміздің Сыртқы істер министрлігі растады. Ведомство мәліметінше, АҚШ-та Medicare және Medigap медициналық сақтандыру бағдарламалары бойынша 1 миллиард долларға жуық алаяқтық жасады деген күдікке ілінген екі Қазақстан азаматы ұсталған. Бұл туралы АҚШ құқық қорғау органдары Қазақстан тарапына хабарлаған.

“Сыртқы істер министрлігі азаматтардың ұсталғанын біледі. Бұл дерек туралы Қазақстан тарапына АҚШ құқық қорғау органдары хабарлады. Нью-Йорктағы Қазақстан Республикасының Бас консулдығы осы мәселе бойынша америкалық тараппен тұрақты байланыста”, – делінген хабарламада.

Сондай-ақ әзірге ұсталған азаматтардың туыстары осы мәселеге байланысты Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктеріне жүгінбегені айтылады.

Мән-жайы

Айта кетейік, бұған дейін АҚШ-та екі қазақстандық азаматқа алаяқтық схемасын ұйымдастырды деген айып тағылғаны хабарланған еді.

Ақпаратқа сәйкес, Чикагодағы федералдық прокурорлар бірнеше шетелдік азаматты Medicare және медициналық сақтандыру бойынша алаяқтық схемаларын ұйымдастырды деп айыптады. Олардың мәліметінше, күдіктілер үкіметтік бағдарламалар мен жеке сақтандыру компанияларынан 1 миллиард доллардан астам соманы жалған талаптар арқылы алған. Талаптар медициналық жабдықтар мен диагностикалық тесттер үшін жасалған. Алайда науқастарға мүлде жеткізілмеген.

Әнуар Абдрахманов Кентукки штатында орналасқан Priority One Medical Equipment компаниясын бақылауына алып, оны Medicare бағдарламасы аясында алаяқтық мақсатта пайдаланды деп айыпталып жатыр. Ал екінші қазақстандықтың аты-жөні Таир Смағұл. Ол Чикаго аймағында тұрады. Прокурорлар Таир Смағұлды Medicare жүйесіндегі ауқымды алаяқтықтан түскен қаражатты заңдастыруға қатысқан деп айыптап отыр.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 13 Ақпан, 2026 16:11