АҚШ-та 170-тен астам жолаушысы бар ұшақтан өрт шығып, шұғыл әуежайға қонды (видео)
Колорадо-Спрингс қаласынан көтерілген American Airlines әуе компаниясының ұшағынан өрт шықты. Ұшақ қозғалтқыштағы ақауға байланысты әуеге көтерілгеннен кейін көп ұзамай шұғыл қонуға мәжбүр болды. Төтенше жағдай кезінде ұшақта 172 жолаушы мен 6 экипаж мүшесі болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
АҚШ-тың федералды авиация басқармасының мәлметінше, Boeing 737 ұшағы Колорадо-Спрингстен Техастағы Даллас-Форт-Уэрт халықаралық әуежайына бағыт алған. Алайда экипаж қозғалтқышта тербеліс пайда болғанын хабарлаған.
Өрт ұшақ ұшу-қону жолағымен жүріп келе жатқанда шыққан.
Куәгерлер түсірген видеодан жолаушылардың өрттен қашып, ұшақтың қанатында эвакуация күтіп тұрғанын көруге болады. Көп ұзамай адамдар үрмелі сырғанақтың және баспалдақтың көмегімен шұғыл эвакуацияланды. Алайда 12 адам зардап шегіп, жеңіл жарақатпен ауруханаға жеткізілді.
Федералды авиация басқармасы өрттің шығуына қозғалтқыштағы ақау себеп болғанын мәлімдеді. Сондай-ақ жақын арада төтенше жағдайдың нақты себептері анықталады деп уәде берді.
Денвер әуежайының өкілі Майкл Конопасек өрттің тез сөндіріліп, басқа рейстерге кедергі болмағанын айтты.
Болған жағдайға байланысты тергеу басталды.
Бұған дейін дәретханасы толып қалған үнді ұшағы Чикаго әуежайына оралуға мәжбүр болған еді.