Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

АҚШ Сирияда әскери операция бастап, ДАИШ содырларына қарымта соққы жасады

Фото: Reuters

АҚШ Сирияда “Ислам мемлекеті” (ДАИШ) содырларының позицияларына соққы беру үшін әскери операция бастады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Әскери операцияны бастауға Пальмира қаласында америкалық әскери қызметкерлерге жасалған шабуыл себеп. Мұны 20 желтоқсанда АҚШ Қорғаныс министрі Пит Хегсет мәлімдеді.

“Бүгін америкалық әскерилер Сириядағы Пальмира қаласында “Қыран соққысы” (Hawk Strike) операциясын бастады. Операция 13 желтоқсанда америкалық әскери қызметкерлерге жасалған шабуылға жауап ретінде ұйымдастырылды. Оның мақсаты ДАИШ содырларын, олардың инфрақұрылымы мен қару-жарақ қоймаларын жою”, – деп жазды АҚШ қорғаныс министрі X әлеуметтік желісінде.

Оның айтуынша, бұл операция соғыс басталғанын білдірмейді. Керісінше кек қайтару жолындағы маңызды қадам. 

“Президент Трамптың басшылығымен АҚШ өз азаматтарын қорғаудан ешқашан бас тартпайды. Әлемнің қай жерінде болса да америкалықтарға шабуыл жасағандар АҚШ тарапынан табылып, жойылатынын білуі тиіс. Бүгін жауымыздың көбі жойылды, бұл әрекет жалғаса береді”, – деді Пентагон басшысы.

The New York Times басылымының жазуынша, АҚШ әуе соққыларын 19 желтоқсанда бастаған. Операцияға жойғыш ұшақтар, тікұшақтар мен артиллерия қатысып жатыр. Шенеуніктің айтуынша, "жаппай шабуыл" бірнеше сағатқа созылып, 20 желтоқсан таңертеңге дейін жалғасады.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Пальмирадағы шабуылға жауапты ИГИЛ қатаң жауап алатынын мәлімдеген еді. Оның сөзінше, Сирия билігі АҚШ-тың әрекетін толық қолдап отыр.

Өткен аптада Пальмирадағы шабуыл салдарынан АҚШ-тың екі әскери қызметкері мен бір азаматтық аудармашы қаза тауып, тағы үш адам жараланған еді. Шабуыл кезінде бір сириялық әскери де көз жұмған. Пит Хегсет америкалық әскерилерге шабуыл жасаған күдікті серіктес күштер тарапынан жойылғанын айтты.

The Wall Street Journal газетінің мәліметінше, шабуыл америкалық подполковник пен Сирия Ішкі істер министрлігінің өкілі кездесіп отырған кезде болған. Қарулы адам ғимараттың терезесінен қарап, әскери қызметкерлерге пулеметпен оқ жаудырған.

Жұмаділлә Нұрила
Сенбі, 20 Желтоқсан, 2025 11:34