АҚШ Мемлекеттік департаменті америкалықтарды Венесуэладан тез арада кетуге шақырды
Фото: pixabay.com
АҚШ мемлекеттік департаменті америкалықтарды елдегі қауіпті жағдайға байланысты Венесуэладан тез арада кетуге шақырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ескерту АҚШ-тың Каракас елшілігінің сайтында жарияланды.
"Венесуэладағы қауіпсіздік жағдайы тұрақсыз болып қалуда. Халықаралық әуе рейстері қайта жанданғандықтан, Венесуэлада жүрген АҚШ азаматтарына дереу елден кету қажет", – делінген хабарламада.
Кетер алдында америкалықтарға сақ болу және айналаға мұқият болу ұсынылды. Мемлекеттік департаменттің хабарлауынша, елде қаруланған топтар блокпосттар орнатып, көліктерді тексеріп, жүргізушілердің АҚШ азаматы немесе АҚШ-ты қолдайтынын анықтап жатыр. Сол себепті жолда жүрген америкалықтар да абай болуға тиіс.
Департамент сонымен қатар, Венесуэлада электр энергиясы мен коммуналдық қызметтерде үзілістер жалғасып жатқанын ескертеді.
“Венесуэла саяхат үшін ең жоғары қауіп 4-деңгейде белгіленген. Бұл АҚШ азаматтары үшін аса қауіпті жағдай екенін білдіреді. Қауіптің түрлері: жазықсыз тұтқындалу, қамауда азаптау, терроризм, адам ұрлау, жергілікті заңдардың ерікті қолданылуы, қылмыс, азаматтық тәртіпсіздіктер және төмен медициналық қызмет көрсету деңгейі”, – делінген хабарламада.
-
АҚШ Венесуэланың Ресей қарамағындағы мұнай танкерін басып алды
-
АҚШ-тың Венесуэлаға операциясынан 100 адам қаза тапты – Венесуэла билігі
2019 жылдың наурызында АҚШ Каракастағы елшіліктің барлық дипломаттарын шығарған және оның жұмысын тоқтатқан. Венесуэлада консулдық қызметтер толық тоқтатылған. Сондықтан америкалықтарға шұғыл көмек көрсетілмейді.
Еске салайық, бұған дейін АҚШ билігі Венесуэла президенті Николас Мадуроға есірткі саудасына, терроризммен байланысқа және қару-жараққа қатысты ауыр айыптар таққан. Нью-Йорктегі сотта ол өзіне тағылған айыптарды мойындамай, өзін әлі де Венесуэланың заңды президенті деп мәлімдеді. Ал Каракас бұл әрекеттерді мемлекеттік егемендікті бұзу деп бағалап, халықаралық қауымдастықты АҚШ-тың әрекетіне баға беруге шақырып отыр.
Шымбұлақтан да үлкен жаңа Көкжайлау тау шаңғысы курорты салынады: Жоба алматылықтар үшін не береді