АҚШ Иранға 24 сағат ішінде соққы бермек – Reuters

Фото: AFP
Тегеран АҚШ тарапынан шабуыл жасалған жағдайда көршілес елдердегі америкалық әскери базаларға жауап ретінде соққы беретінін ескертті. Осыдан кейін Вашингтон Таяу Шығыстағы базалардан құрамның бір бөлігін шығаруға шешім қабылдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Reuters порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Reuters дерегінше, еуропалық шенеуніктер арасындағы дереккөз АҚШ Иранға алдағы 24 сағат ішінде соққы беруі мүмкін екенін айтқан. Тағы бір сұхбаттар да америкалық шабуылды жоққа шығармайды. Ал израильдік дереккөз Дональд Трамптың соққы жасау туралы шешім қабылдаған болуы мүмкін екенін мәлімдеген.
Жоғары лауазымды ирандық шенеуніктің айтуынша, Иран АҚШ шабуыл жасаса, көршілес елдердегі америкалық базаларға соққы беретінін ескертті. Осыған байланысты АҚШ Таяу Шығыстағы кейбір базалардан қызметкерлерін шығаруға шешім қабылдаған.
Атап айтқанда, кейбір қызметкерлерге 14 қаңтар кешіне дейін Қатардағы әл-Удейд әскери-әуе базасынан кету тапсырылған. Агенттік дереккөздерінің айтуынша, бұл эвакуация емес, тек күштерді қайта орналастыру.
Әл-Удейд – АҚШ-тың Таяу Шығыстағы ең ірі әскери базасы. Онда шамамен 10 мың сарбаз орналасқан. 2025 жылғы 23 маусымда Тегеран АҚШ-тың Исфахан, Фордо және Натанзедегі ирандық ядролық нысандарға жасаған шабуылына жауап ретінде осы базаға соққы жасаған еді. Сол кезде Дональд Трамп 14 зымыранның 13-і атып түсірілгенін, біреуі қауіп төндірмегенін айтқан. Ал Қатар билігі база бағытына жеті зымыран ұшырылғанын, олардың біреуі әскери нысан аумағына түскенін мәлімдеген.
13 қаңтарда Дональд Трамп ирандық наразылық білдірушілерге үндеу жасап, мемлекеттік мекемелерді басып алуға шақырғанын және "көмек жолда келе жатқанын" айтқан. Алайда нақты нені меңзегенін түсіндірмеген. Сонымен қатар АҚШ азаматтарына Ираннан эвакуация мүмкіндігін қарастыру керек екенін айтқан. CBS News-ке берген сұхбатында Трамп Тегеранға қатысты түпкі мақсаты – "жеңіс" екенін мәлімдеген, бірақ оның мәнін ашып айтпаған.
Кей деректерде Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың қауіпсіздік кабинеті Иран режимінің құлауы немесе АҚШ араласуы мүмкін екенін білген.
Еске салсақ, бұған дейін Иранда ұлттық валюта құлдырап, жаппай наразылықтар басталғаны, сондай-ақ наразылық акцияларының соңы тәртіпсіздік пен тонауға ұласқаны туралы жазған едік. АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның қауіпсіздік күштері наразылық білдірушілерге оқ атқан жағдайда, оларға көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді. Осы мәлімдемеден кейін Иран өздеріне шабуыл жасалса Израиль мен АҚШ базаларына соққы беретінін ескертті.
"Екеуі екі-үш күн қатарынан жанжалдасып, соңы осындай болды": Шымкентте 21 жастағы қыздың өліміне қатысты көршілері көргендерін айтты