АҚШ экономикасы соңғы екі жылдағы ең жоғары өсім көрсеткен

Фото: Getty Images
АҚШ экономикасы соңғы екі жылдағы ең жоғары өсім көрсеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
АҚШ сауда министрлігінің деректеріне сәйкес, елдегі экономикалық өсім үшінші тоқсанда 4,3 пайызды құрады. Бұл алдыңғы тоқсандағы 3,8 пайызбен салыстырғанда жоғары көрсеткіш. Нәтиже сарапшылардың күткенінен асып түсті және соңғы екі жылдағы ең жоғары өсім болды.
Есепке сай, еңбек нарығының өсімі баяулағанына және инфляцияға алаңдаушылық болғанына қарамастан, тұтынушылардың шығыны артқан. Үшінші тоқсанда тұтынушылық шығындар жылдық есеппен 3,5 пайызға өсті. Ал алдыңғы тоқсанда бұл көрсеткіш 2,5 пайыз болған.
2025 жылы АҚШ экономикасы Дональд Трамп енгізген сауда және көші-қон саясатына қатысты түбегейлі өзгерістердің, сондай-ақ бюджет шығындарының қысқаруының салдарынан айтарлықтай қысым көрді. Бұл импорт пен экспорт сияқты кейбір салаларда күрт өзгерістерге әкелді. Дегенмен, болжамдарға қарамастан, жалпы экономика тұрақты дамуын сақтап қалды.
Жарияланған көрсеткіштер күтілгеннен әлдеқайда жоғары болды. Көптеген сарапшылар экономиканың жылдық өсімі шамамен 3,2 пайыз болады деп болжаған еді. Сарапшылардың пікірінше, үшінші тоқсанда тұтынушылық шығындардың артуы негізінен медицина қызметтеріне жұмсалған қаржының көбеюімен байланысты.
Жалпы өсім көрсеткішін төмендететін импорт көлемі АҚШ-қа жеткізілетін тауарларға президент Трамп енгізген баж салығының салдарынан азая берді. Ал бұрын күрт төмендеген экспорт қайта қалпына келіп, 7,4 пайызға өсті.
Мемлекеттік шығындар да артты. Бұл көбінесе қорғаныс саласына бөлінген қаржының ұлғаюымен байланысты.
Бұл жетістіктер инвестициялардың төмендеуін еңсеруге көмектесті. Оның ішінде зияткерлік меншікке салынған инвестициялар да бар.
Сондай-ақ тұрғын үй нарығындағы қиындықтар да аздап жеңілдеді. Алайда тұрғын үй нарығы әлі де толық реттелмеген. Жоғары пайыздық мөлшерлемелер сақталып отыр. Бұл баспанаға қолжетімділікті төмендетіп, ұсыныстың тапшылығын күшейтті.
Oxford Economics компаниясының АҚШ бойынша бас экономисі Майкл Пирстің айтуынша, ел экономикасы 2026 жылға жақсы дайындалған. Себебі салықтардың төмендеу әсері сезіле бастады. Сонымен қатар АҚШ Орталық банкінің пайыздық мөлшерлемені төмендету шаралары да ықпал етуде.
“Негізгі көрсеткіштер экономиканың тұрақты өсіп жатқанын көрсетеді”, – деді ол.
Дегенмен сарапшылар бағаның өсуі кейбір отбасыларға қиындық тудыруы мүмкін екенін ескертті. Бұл соңғы тоқсандағы жоғары өсім қарқынын сақтауға кедергі келтіруі ықтимал.
Есепке сәйкес, шілде мен қыркүйек аралығында инфляцияның негізгі көрсеткіші өсті. Тұтыну тауарлары мен қызметтер бағасының индексі 2,8 пайызға жетті. Ал алдыңғы тоқсанда бұл көрсеткіш 2,1 пайыз болған.
-
АҚШ президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ақ үйдің "кілтін" сыйға тартты
-
АҚШ Сирияда әскери операция бастап, ДАИШ содырларына қарымта соққы жасады
Мамандардың айтуынша, бағаның өсуі төмен және орта табысы бар отбасыларға қатты әсер етуде. Ал табысы жоғары отбасылар бұрынғыдай еркін шығындануды жалғастырып отыр.
Pantheon Macroeconomics компаниясының аға экономисі Оливер Алленнің сөзінше, сауалнамалар мен банк карталары деректері америкалық отбасылар шығындарын қысқарта бастағанын көрсетеді.
Оның айтуынша, әлсіз еңбек нарығы, нақты табыстың өспеуі және пандемия кезінде жиналған жинақтардың таусылуы отбасылық бюджетке әсер ете бастаған.
Соңғы деректер еңбек нарығының әлсірегенін де аңғартады. Осыған байланысты АҚШ Федералды резерв жүйесі пайыздық мөлшерлемені қатарынан үш рет төмендеткен.
Сонымен қатар AFP агенттігінің хабарлауынша, жасанды интеллектке салынған инвестициялар қарқынды өсіп келеді. OpenAI, Google және басқа да ірі технологиялық компаниялар бұл үдеріске белсенді қатысуда. Бұл АҚШ қор нарығын рекордтық деңгейге жақын ұстап тұр.
S&P Global Ratings агенттігінің 18 желтоқсандағы болжамына сәйкес, жасанды интеллектке инвестициялар экономикаға қолдау көрсетуі мүмкін. Алайда бұл әсер президент Трамптың саясатына байланысты белгісіздікпен әлсіреуі ықтимал.
“2026 жылы АҚШ-тағы кедендік тарифтер қатты өзгермеуі мүмкін. Бірақ заңдар, ережелер, инвестициялық саясат, әскери қимылдар және геосаясатқа қатысты белгісіздік жоғары деңгейде қалады”, – деп ескертеді S&P Global Ratings агенттігі.
Агенттік пікірінше, осы белгісіздік инвестициялар мен тұтынушылық шығындардың өсуін тежейді.
Еске салсақ, осыған дейін АҚШ Грин-карта ойнатуды уақытша тоқтатқанын жазғанбыз.