Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақмола облысында жылу қазандығы жарылып, жұмысшы қаза тапты

Щучье қаласында жылу қазандығы жарылды. Төтенше жағдайдан бір адам қаза тапты. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.

Оқиға «КөкшетауЭнерго»компаниясына  қарасты серіктестіктің  қазандығында орын алды. Жарылыс дүмпуінің қатты болғаны соншалық, нысанның қабырғалары қақырап, бетон жабындылары  құлап түскен. Апаттың кесірінен тұрғындар аязда  жылусыз қалып отыр.

Осы кезде жұмысында отырған 56 жастағы оператор сыртқа шығып үлгермей, үйінді астынды қалды.

«Электр компаниясына тиесілі бу қазандығында орын алған төтенше жағдайдың қазір себеп салдары тексеріліп жатыр. Сол үшін арнайы комиссия құрылды.Тұрғындарды болған жағдаймен құлақтандырдық. Жылу тоқтатылғандықтан оларды уақытша орналастыруға мүмкіндік жасалды», -дейді Ақмола облыстық ТЖД-нің бастығы Алексей Советов.

Электр компаниясы электр қуатын ғана таратып қоймай бұл қазандықтан осы шағын аудандағы үйлерге жылу беріп келген. Қазір шағын ауданда көпқабатты екі үй мен алты жер үй және жеке меншік емхана жылусыз қалды.

 «Жарылғанда бүкіл ауланы түтін бе,бу ма алып кетті. Терезеден көріп қалып зәреміз ұшты. Бәрі далаға жүгірді.Қазір міне, батареялар суып барады,қатып қалмаса жарайды. Өйткені күн де суытты. Жылу берсе екен деп отырмыз», – деді Щучье қаласының тұрғыны Любовь Ильина.

Оқиға болған жерге аудан әкімі Қанат Қарауылов та келді. Дегенмен, аудан әкімі қазандық қашан жөнделіп, қашан жылу берілетінін айтпады.

Апатқа ұшыраған қазандық пештері 2013-2014 жылдары жаңадан ауыстырылған екен. Енді жарылыстың неден болғанын оқиға орнында жұмыс істеп жатқан комиссия анықтайды.

Талқылау