Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақмола облысында танымал қазақ жазушысының үйі маскүнемдердің тұрағына айналған

Ақмола облысында Сәкен Жүнісовтың екі қабатты үйі маскүнемдердің тұрағына айналыпты. Өйткені, жазушы өмірден өткеннен кейін ешкімге керек болмаған баспана мүлдем қараусыз қалған. Бурабай ауылының ерекше қорғалатын аумағында орналасқан үйдің есік – терезелеріне дейін қолды болыпты.

Ақмола облысында танымал қазақ жазушысының үйі маскүнемдердің тұрағына айналған

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Құрылысы сонау тоқсаныншы жылдары басталған екі қабатты үйдің қазіргі сыйқы мынау. Бурабай ауылының мектебінде мұғалім болып істейтін Сара Ысқақованың айтуынша, көрнекті жазушы Сәкен Жүнісовтың көзі тірісінде баспананың келбеті мүлдем басқа болыпты. Жазушының үйі осы маңдағы ең үлкен әрі ең әдемі ғимараттардың бірі екен. Өкінішке орай, жылдар өткен сайын оның сыртқы сұлулығы жоғалып барады. Есік -терезелері ұрланып, қаңырап қалған. Одан қалды ішімдікке әуес жандар осы жерде көңіл көтеруді де әдетке айналдырса керек.

«Есік-терезесі бүтін, сымдары бәрі бар. Тек қана бұл жерге жылуды жүргізіп, жарықты қосу ғана қалып еді. Ал енді қазіргі жағдайы мынау. Тіпті, айтуға ұят, тоналып қалды», – дейді С.Сейфуллин атындағы орта мектептің мұғалімі Сара Ысқақова.

Баспананы тоқсаныншы жылдары Сәкен Жүнісовке жергілікті билік сыйлық ретінде салып береміз деп бастаған. Жазушының өзі ғимаратты жеке меншік үй емес, басқа да танымал тұлғалардың туындылары сақталатын мұражай қылуды көздепті. Алайда, әкімдердің жиі ауысуынан құрылысына дұрыс мән берілмей, аяқсыз қалған. 12 жыл бойы қаңырап тұрған ғимаратты жөндеуге, тіпті әкімдік те қауқарсыз.

«Бұл үй Сәкен Жүнісовтың атына жазылған. Яғни, оның жеке меншігі. Сондықтан, біз ешқандай жөндеу жұмыстарын жүргізе алмаймыз. Ол үшін жазушының мұрагерлері бұл баспанадан заңды түрде бас тарту керек немесе мемлекетке тапсырулары қажет», – дейді Бурабай кентінің әкімі Шыңғысхан Темірбеков.

Ал, жазушының мұрагерлері Алматыда тұрады екен. Қызы Ақбота Жүнісованың айтуынша, әкесі үйдің құрылысын бітіру үшін Алматыдағы пәтерін де сатып жіберіпті. Бірақ, қаражаттың жетіспеушілігі қолбайлау болса керек.

«Бюджеттің қаражатына қараймыз, әрине. Себебі, өзіміздің қаражатымыз жетпейді оған. Әкімдікке кіріп жүреміз. Бірақ ештеңе жасай алмаймыз, қазір, қаражат ондай жоқ дейді. Биыл құжаттарды жинаймыз. Бір құжаты жоғалып қалған екен. Архивтерден іздейміз», – дейді Сәкен Жүнісовтың қызы Ақбота Жүнісова.

Жазушының балалары биылдан қалтырмай жөндеу жұмыстарын бастауға дайын. Тек екі қабатты зәулім үйді қалыпқа келтіруді қалтамыз көтермейді деген олар жергілікті әкімдіктің көмегіне сеніп отыр.

Оқи отырыңыз:

3 жасар қыздың денесін тістеп тастап, мұрнын жұлып алған өгей әкесіне қатысты сот үкімі шықты

Елімізде «Тұлпар-Тальгоның» бірқатар пойызының билеті екі есе арзандайды

Дәрігерлер қайран қалды: Алматы облысында ер адамның бүкіл ішкі ағзасының орны ауысып кеткен

Астанада екі мыңнан астам сәби тегін берілуі тиіс құрғақ сүттен қағылғалы аш қалды

Талқылау