Ақмола облысында ауыз су талап еткен жұртқа аудан әкімі ақылгөйсімеуге кеңес берді
Ақмола облысында білдей бір аудан орталығының тұрғындары екі аптадан бері сусыз отыр. Тура аптап ыстықта тіршілік нәрінің жоқтығынан зәрезап болған Егіндікөл жұрты наразылық шарасын өткізді.Әсіресе, аудандық аурухана дәрігерлері бұдан ары шыдай алмайтындарын ашына айтты. Олар мұны төтенше жағдайға теңеп отыр, – деп хабарлайды КТК арнасы.
Егіндікөлде судың сап тыйылғанына екінші апта. Бұл 40 градустық аптап ыстықтан аңқасы кепкен жұрт үшін жығылған үстіне жұдырық болды. Әкімдік суды тасып әкелдіргенімен, ол біріне жетсе, біріне жетпей жатыр. Бәрінен бұрын ауруханадағы жағдай қиындаған. Шыдамы таусылған ақ халаттылар науқастарды тастап, ауылдың басқа тұрғындарымен бірге наразылық шарасына шықты.
“Сусыз өмір сүру деген үлкен сын шығар адамзат басына түскен. Ол сыннан егіндікөлдіктер сүрінбей өтетініне сенем. Бізде егер кемпірқосақ шықса аспанда бізде екі-ақ түрі болады. Қара мен ақ. Неге?Спектр болмайды бізде. Өміріміз сондай біздің”, – дейді дәрігер Темірболат Тасқынбай.
Әбден түңілген жұрт осылай пәлсапамен сөйлетін жағдайға жеткен. Балабақша да, мектеп те осындай қиындықты басынан кешіп отыр. Бұған дейін себебін біле алмай, сандалған жұрт әкімге де барған. Қабылдамапты. Жағдай ушығып, шу шыққан соң ғана, аудан басшысының қарасы көрінді. Ашынған тұрғындар ортаға алып еді, аудан басшысы зекіп тастады.
“27 тамыздан бастап 31 тамызға дейін Қорғалжын су беретін шаруашылық су болмайтынын ескерткен. Бірақ жөндеуді уақытылы аяқтамаған. Ол бізге байланысты емес. Ол жақтан бізге су келмесе,бізде трассада су болмайды”, – дейді Егіндікөл ауданының әкімі Нариман Төлепов.
Егіндікөлге тіршілік нәрі Нұра су қоймасынан жеткізіледі. Содан тартылған құбырдың көрші Қорғалжын ауданына қарасты бөлігінде жөндеу жұмыстары жүргізілген екен. Ал тіршілік нәрінің әлі келмей жатқанына осы жұмыстар кезінде шыққан ақау себеп. Енді Егіндікөлде су қоры қалмапты.
Сыйымдылығы 2 мың текше метр резервуарда қазір бір тамшы су жоқ. Халықты тіршілік нәрінсіз қалдырмау үшін қаншама үнемдегенімен 10 күн бұрын таусылған. Енді көрші ауданда құбыр қашан жөнделіп, қашан елді мекен сумен қамтамасыз етіледі, оны мамандардың өздері де айта алмай отыр.