Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

89 жастағы қазақстандық әже туысын ұрғаны үшін сотталды

Ақмола облысының соты 89 жастағы әжейді түзеу жұмыстарына тағайындағанФото: Видеодан скриншот

Желіде 89 жастағы әженің сот шешімімен туысын ұрып-соққаны үшін кінәлі деп танылып, оған түзету жұмыстары тағайындалғаны туралы оқиға қызу талқыға түсті. Зейнеткердің жиені Светлана қарттың инсульт алғанын және физикалық тұрғыда өзгеге шабуыл жасауға қауқарсыз екенін айтып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оқиға жайлы зейнеткердің жиені Светлана баяндады.

Светлананың айтуынша, бірнеше жыл бұрын Астанада тұратын қарттың туыстары оны Макинскке көшуге көндірген. Сондай-ақ олар әжейдің ақшасы мен жылжымайтын мүлкін иемденіп, тұрғын үйді өз атына рәсімдеп, кейін сатып жіберген.

Әжей болған жайтты түсінгеннен кейін қатты күйзеліс салдарынан инсульт алған. Кейін туыстары оған қысым көрсетіп, қорлық жасаған. Зейнеткер басқа бір жиенінен көмек сұраған, алайда туыстар үйдің кіреберісіндегі жанжалдасып, ақыр соңы әжейдің өзі соққы жасады деп айыпталған.

Светлананың сөзінше, сот оның жасына және денсаулық жағдайына қарамастан, кінәлі деп танып, 7 айға түзеу жұмыстарын тағайындаған, сондай-ақ 500 мың теңге көлемінде өтемақы төлеуге міндеттеген. Зейнеткердің туыстары сот талқылауы екі жылдан бері жалғасып келе жатқанын, ал сот үкімін қайта қарау әрекеттері нәтиже бермегенін мәлімдеді.

Кейінірек бұл жазбаға Ақмола облысы сотының өкілі пікір қалдырып, қарт әйелге түзеу жұмыстары тағайындалды деген ақпаратты жоққа шығарды.

Ақмола облысының соты не дейді?

Ақмола облысы сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, облыстық соттың алқасы жәбірленуші К-ның денсаулығына жеңіл зиян келтіру фактісі бойынша азаматша Ф-ға (89 жастағы әйелдің 72 жастағы жиені) және азаматша С-ға (89 жастағы әйел) қатысты қылмыстық істі қараған. Іс Қылмыстық кодекстің 108-1-бабының 2-бөлігінің 4-тармағы – “Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру” бойынша қаралған.

Нәтижесінде бірінші сатыдағы соттың үкімімен Ф мен С 7 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына тартылып, олардың мінез-құлқына пробациялық бақылау белгіленген. Сондай-ақ сотталғандардан бірлесіп 130 мың теңге көлемінде материалдық шығын, 500 мың теңге моральдық зиянды өтеу және өкіл қызметіне жұмсалған 200 мың теңге шығын өндірілген.

Ақпаратқа сәйкес, Макинск қаласында 72 жастағы Ф өзінің 89 жастағы тәтесі С-ның үйінің кіреберісінде 89 жастағы әйелдің туысы К-мен кездесіп, оның қарт әжесіне қарызын қайтармағаны жөнінде наразылық білдірген. Шу шыққан соң пәтерден ер адамның жұбайы – азаматша К және қарт әйелдің өзі шыққан.

“Жәбірленуші К (ер адамның жұбайы – еск.) баспалдақта сүрініп, тізерлеп құлаған. Сол сәтте зейнеткердің жиені оны шашынан ұстап, 89 жастағы тәтесі С-мен бірге жұдырықпен басынан ұрған. Азаматша К ауруханаға жеткізіліп, оған “жабық бас-ми жарақаты, ми шайқалуы” диагнозы қойылды”, – деп хабарлады сот.

Сот отырысында қарт әйелдің жиені азамат К-ның 89 жастағы тәтесіне қарызын қайтармай жүргенін, жанжалдың себебі ақша болғанын айтқан.

“Ф мен С-ның (89 жастағы әйел – еск.) кінәсі жәбірленушінің дене жарақатын алғаны туралы арызымен, медициналық куәландыру және сараптама қорытындыларымен, жәбірленуші К-ның, оның жұбайының және куәгерлердің (көршілердің) көрсетулерімен, оқиға орнын қарау хаттамасымен дәлелденді. Алқа қаулысымен бірінші сатыдағы сот үкімі өзгеріссіз қалдырылды”, – делінген Ақмола облысы сотының баспасөз қызметінің хабарламасында.

Сот үкімі заңды күшіне енді.

Айта кетейік, бұған дейін 90 жастағы қазақстандық құрма жеймін деп өліп кете жаздағаны хабарланған еді.

Балнұр Жұмаділла
Жұма, 30 Қаңтар, 2026 15:16