Тегін берілетін дәріні науқастар сатып алған: Енді елімізде дәрі QR код арқылы беріледі
Ақмола облысында тегін дәрілер науқастарға берілмей келген. Жалған құжатпен жемқорлық жасаған медициналық мекемелер анықталғаннан соң, елімізде енді тегін дәрі тек QR код арқылы беріледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: freepik.com
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет елімізде тегін дәрі-дәрмек беру жүйесі өзгергенін мәлімдеді. Бұған себеп бірқатар заң бұзушылықтар болған.
“Абай облысында денсаулық сақтау саласындағы жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізілді. Нәтижесінде бірыңғай дистрибьютор "СК-Фармация" ЖШС медициналық препараттарды уақытылы жеткізбегені туралы фактілер анықталды.
Бұл тәжірибе тегін дәрі-дәрмектердің жетіспеушілігіне және пациенттердің оларды өз қаражатына сатып алуына алып келген.
Медициналық мекемелерде нақты жағдайды жасыру үшін "жалған рецептер" жазылған. Құжаттарға сәйкес пациенттер дәрі-дәрмектермен толық қамтамасыз етілгені көрсетілген”, – делінген ведомство хабарламасында.
Ведомство талдау қорытындысы бойынша Абай облысының барлық емханаларында EGOV Mobile қосымшасының "Әлеуметтік әмиян" бөлімінде QR код арқылы пациенттерге тегін дәрі-дәрмек беру жүйесі енгізілгенін жеткізді. Бұл дәрі-дәрмектерді алудың балама әдісі.
“QR-код арқылы пациенттерге тегін дәрі-дәрмек беру жөніндегі жоба іске қосылды және барлық республика бойынша масштабталды.
Заманауи цифрлық шешімдерді енгізу жалған рецепттерді шығару, дәрі-дәрмектерді жымқыру қаупін едәуір азайтып, бюджет қаражатын үнемдейді”, – делінген хабарламада.