Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақмола облысында күйеуіне көмектеспек болған әйел ақшасынан айырылды

ақмола облысы алаяққа алданған әйелФото: Ақмола облысы полиция департаменті

Ақмола облысының криминалдық полиция қызметкерлері 36 жастағы тұрғынның арызы бойынша бұрын жасалған алаяқтық дерегін ашты. Әйел күйеуінің жүргізуші куәлігін заңсыз жолмен қайтарып алмақ болған кезде алаяқтардың құрбанына айналған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Полицияның мәліметінше, жәбірленуші күйеуінің жүргізуші куәлігінен айырылғанын таныс емес ер адамға айтқан. Ал әлгі азамат ақшаға құжатты қалпына келтіріп беруге көмектесетінін жеткізген. Ол қызметі үшін 300 мың теңге сұраған.

Өткен жылдың қыркүйек айында әйел сұралған соманы берген. Алайда уәде етілген құжаттар қолына тимеген. Біраз уақыттан кейін ер адам мүлде байланысқа шықпай, хабар-ошарсыз кеткен. Алаяқтыққа тап болғанын түсінген әйел полицияға жүгінген.

"Жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер күдіктінің жеке басын анықтады. Ол 32 жастағы ер адам. Қазіргі уақытта оның бұл қылмысқа қатысы тексеріліп жатыр", – делінген хабарламада.



Еске салайық, бұған дейін төсбелгі сатып алмақ болған қазақстандық мұғалімдер алаяққа алданып қалды. Педагогтың  әрқайсысы алаяққа мың доллар ақшаны санап берген. Алайда Оксана Жирнова “Білім беру ісінің құрметті қызметкері” төсбелгісін алуға көмектесе алмаған, ал бір топ мұғалім полицияға арыз түсіруге мәжбүр болды. 

Айым Атамбаева
Жексенбі, 25 Қаңтар, 2026 17:13