Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Инфаркт алған науқасты ауруханаға жеткізуден бас тартқан қазақстандық фельдшер сотталды

Ақмола облысы Қосшы қаласында жедел жәрдем қызметкері жүрек талмасы бар науқасты ауруханаға жатқызудан бас тартқаны үшін 3,6 жылға сотталды. Ол қарамай кеткен соң науқастың денсаулығы нашарлаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: pixabay.com

Қосшы қалалық соты абайсызда науқастың денсаулығына ауыр зиян келтіруге әкеп соққан, науқасқа дәлелді себепсіз медициналық көмек көрсетпегені үшін жедел медициналық жәрдем фельдшеріне қатысты қылмыстық істі қарады (Қылмыстық кодекстің 320-бабының 2-бөлігі).

Ақмола облыстық соты баспасөз қызметінің мәліметінше, сот үкімін жариялайтын кезде облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының, Ақмола қосалқы станциясының және Қосшы қаласы емханаларының медицина қызметкерлері сол жерде қатысып отырған.

Деректерге сенсек, фельдшер жүрек ауыруына шағымданған азаматшаның үйіне шақыру бойынша келіп, тиісті медициналық көмек көрсетпеген және науқасты ауруханаға жеткізіп, жатқызудан бас тартқан.

Өкінішке қарай, кейін науқас медициналық көмек алу үшін ауруханаға өз бетінше баруға мәжбүр болған. Ауруханада оған "Жүректің ишемиялық ауруы. Миокард инфарктісі. Стенттеу. Кардиогенді шок. Клиникалық өлімнен кейінгі жағдай" диагноздары қойылды.

"Сотта фельдшердің кінәсі сараптама қорытындысымен, жәбірленушінің, куәгерлердің айғақтарымен, жедел медициналық жәрдем фельдшеріне пациентті ауруханаға шұғыл жеткізуді көздеген нормативтік құқықтық актілермен және істің басқа да материалдарымен дәлелденді", – деді ведомстводан.

Судья жаза тағайындауда жауапкердің жас болуын, қылмысты алғаш рет жасағанын назарға алды.

"Сот үкімімен кінәліге медициналық қызмет көрсету құқығынан айыра отырып, 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сонымен қатар сот абайсызда науқастың денсаулығына ауыр зиян келтіретін жедел медициналық жәрдем қызметкерлерінің медицина саласындағы нормативтік құқықтық актілерді өрескел бұзушылығына назар аударып, облыстық денсаулық сақтау басқармасына тиісті шаралар қабылдау үшін жеке қаулы шығарды", — делінген сот хабарламасында.



Еске салайық, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында фельдшер жазадан құтылу үшін жүктілік туралы жалған анықтама жасағанын жаздық. Катонқарағайдағы ауруханада гинекологтың фельдшері өзінің жүктілігі туралы жалған анықтама берген. Ол бұл құжатты сотта қамауға алу түріндегі әкімшілік жазаны болдырмау үшін пайдаланған. Прокурор ұсынылған анықтаманың жалған екенін анықтады.

Талқылау