Ақмола мен Қарағанды облыстарында қар еріп, тас жолдарды су басты

Ақмола мен Қарағанды облыстарында қар еріп, жолды су басып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
27 наурызда кешке “Астана-Павлодар” автожолында су жолға шыққан. “ҚазАвтожолдың” хабарлауынша, Астана-Шідерті-Павлодар- Успенка-РФ шекарасы жолының 117-шақырымында су тасып, жолды басқан.
“Су жайылған учаскенің ұзындығы – шамамен 50 метр, тереңдігі – 15–20 см. Аталған жағдай маусымдық су көлемінің артуы мен мұздың жүруіне байланысты қалыптасқан”, – делінген хабарламада.
Ресми ақпаратқа қарағанда, жол төсемін нығайту және қалпына келтіру, сонымен бірге су ағынын реттеу мақсатында қорғаныс үйіндісін жасау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Көлік қозғалысы шектелмеген, көліктер жиналмаған. Компания "елді мекендерге қауіп төніп тұрмағанын" айтты.
Ал Қарағанды облысында 27 наурызда кешке Қарағанды-Теміртау тас жолын су басты. Облыс әкімдігінің хабарлауынша, қар жылдам ерігендіктен, жолдың бір бөлігінде еріген қар суы жиналған. Мұнда су басқан учаскені қоршау жұмысы жүргізілген.
Жаңа салық кодексі әлеуметтік кәсіпкерлерді жеңілдіктерден айырды – Тапсырыс жоқ, қарыз көбейді