Ақмола әкімі: "Тек "Реал" ғана емес, "Оқжетпес" те алматылықтарды ұта алады"
Фото: fckairat.com
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов "Оқжетпестің" "Қайратқа" қарсы жеңісін әзілмен еске алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов "Уәде" бағдарламасында өңірдің басты командасы – "Оқжетпеске" қатысты пікір білдіріп, алматылық "Кайратты" жеңген кездегі сенсациялық нәтижені әзілмен еске алды.
"Біздің "Оқжетпес" бүгінде Премьер-лигада ойнап жүр. Команданы жекешелендіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазір алтыншы орында. Ойындар жақсы деңгейде өтіп жатыр. Бизнестен қызығушылық бар, әрі біз ойын сапасын бағалап отырмыз. Алматыда "Қайратты" жеңдік. Алматылықтарды тек "Реал" ғана емес, "Оқжетпес" те ұта алады. Команда сенімді түрде жеңіске жетті. Қазір ойыншылардың кейбірі ұлттық құрамаға кандидат ретінде шақырылып жүр. Бос уақытымда олардың матчтарын қарап тұрамын", – деді Ахметжанов.
Еске салайық, биыл мамыр айында Көкшетаудың "Оқжетпесі" Қазақстан Премьер-лигасында сенсация жасаған еді. Команда ел чемпиондығына үміткер саналатын "Қайратты" 2:1 есебімен жеңіп, жанкүйерлерін қуантқан еді.

