Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ақкербез лайық болмауы мүмкін": Баян Мақсатқызы "Қазақ аруына" қатысты күтпеген мәлімдеме жасады

Танымал продюсер Баян Мақсатқызы “Қазақ аруына” қатысты тың деректі бөлісті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Жеке парақшалардан алынды

Айта кетейік, продюсер байқаудағы дауыс беру жүйесі істен шыққанын мойындады.

Ол провайдерлердің жарты миллионға жуық дауыс берушілерді көтере алмай, Telegram ботының дауысты қабылдамай қалғанын айтты. Сол себепті де "Қазақ аруы-2024" байқауының жеңімпазы қайтадан анықталатын көрінеді. 

"Қазақ аруы" байқауына қатысты үлкен хабарлама жасағым келіп тұр. Біздің провайдерлер артылған жүкті көтере алмады. Бұл біздің кінәміз емес. Телеграм арна барлық дауыс берушілерді көтере алмады. Жарты миллионға жуық адам дауыс бергісі келген екен. Бұл байқаудың үлкен танымалдылыққа ие екенін білдіреді. Ұйымдастырушы ретінде провайдерлердің кінәсін мойнымызға алып, ертеңгі телеарнаға шығатын эфирде дауыс беруді қайта жасағымыз келіп отыр", – деді жоба жетекшісі.  



Оның сөзінше, эфир қалай жазылды сол күйінде беріледі. Тек дауыс беру үшін 2,5 сағат беріліп, сілтеме жаңартылады. Телекөрермен тікелей эфир барысында қайтадан дауыс бере алады.

"Тарихта бірінші рет қайтадан дауыс беру болайын деп тұр. Біз қашан да әділдік үшін шырылдаймыз. Бұл атаққа қайтадан Ақкербез лайық болуы мүмкін немесе Ақкербез болмауы да мүмкін. Бәрі халықтың еншісінде", – деді Баян Мақсатқызы.  

Еске салайық, "Қазақ аруы-2024" байқауының жеңімпазы қызылордалық ару Ақкербез Ысқаққызы атанған еді.

Алайда қатысушыларға дауыс беру кезінде техникалық ақаулар туындап, көпшілік өз таңдауларын жасай алмағандарына наразылығын білдірген. 

 

Талқылау