Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақысыз білім алу мүмкіндігі жаңа Конституция жобасында өзгеріссіз сақталды

Фото: freepik.com

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумы өтіп жатыр. Жиында президент ақысыз білім алу қағидаты жаңа Конституцияда өзгеріссіз сақталғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мемлекет басшысының сөзінше, басқа елдермен салыстырғанда Қазақстанда ақысыз білім алуға мүмкіндік бар.

“Көптеген елдерге қарағанда Қазақстанда барлық деңгейде ақысыз білім алуға мүмкіндік бар. Бұл қағидат жаңа Конституция жобасында өзгеріссіз сақталды. Балаларымыз мемлекеттік мектептерде ақысыз, яғни ақысыз оқиды. Қазір еліміздегі колледждерде 150 мың студент мемлекет қаржысы есебінен білім алып жатыр. Ізденіп-талаптанса, кез келген жас азамат жоғары оқу орнына грант арқылы түсе алады. Мемлекет мұндай грант санын жыл сайын арттырып жатыр”, – деді президент. 

Сонымен қатар президент елімізде өмір сүру ұзақтығы алғаш рет 75,9 жасқа жеткенін айтты. 

“Бұл – осы аймақ елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіш.  2023 жылдан бері ана өлімі 35 пайызға азайды. Ал сәби өлімі 20 пайызға қысқарып, тарихи тұрғыдан ең төмен деңгейге түсті. Соңғы жеті жылда 1259 денсаулық сақтау нысаны салынды. Соның ішінде "Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы аясында 655 нысан бой көтерді. Былтыр Астанада науқастарды емдейтін Протондық терапия орталығы ашылды. Бұл – біздің аймақтағы теңдессіз нысан. Сондай-ақ өткен жылы "Аналар саулығы" бағдарламасы іске қосылды”, – деді президент.

STAN.KZ
Бейсенбі, 12 Наурыз, 2026 13:39