Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақын Исраил Сапарбай дүниеден өтті

исраил сапарбай

Фото: https://www.facebook.com/kbegmanov

Қазақстанның халық жазушысы, ақын, драматург, талантты сазгер Исраил Сапарбай дүниеден өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әдебиет өкілі таңғы сағат төрт шамасында 85 жасына қараған шағында дүние салды. Ақынның жаназасы мен қонақасы рәсіміне қатысты мәліметтерді ақын Қасымхан Бегманов жария етті.

"2025 жыл қазақ руханияты үшін ауыр жылдардың бірі болды. Биыл Исраил Сапарбайдан бөлек, белгілі жазушы Дулат Исабеков пен ақын Темірхан Медетбек те өмірден өтті. Осы үш үлкен тұлғаның араға аз уақыт салып, бірінен кейін бірі бақиға аттануы – қазақ әдебиеті мен өнері үшін орны толмас қаза. Қоштасу рәсімі Алматыдағы Кеңсай зиратында өтеді. Исраил Сапарбай өзінің замандас достары мен әріптестері – Дулат Исабеков пен Темірхан Медетбектің жанына жерленеді", – деп жазды Қасымхан Бегманов.



Марқұм өмірінің соңғы күндерін аурухана төсегінде өткізген көрінеді.

“Қазақстан Жазушылар одағының төрағасымен бірге ағамыз қатты ауырып жатқанда, ауруханаға барып, үнемі хабар алып тұрдық. Соңғы барғанымызда күбірлеп, ақырын өз өлеңін оқып жатты. Аса көрнекті лирик ақын Исраил Сапарбайдың артында қаншама әндері, лағылдай, мөлдіреген жақұттай поэзиясы, мәңгі өлмес сырлы, мұңлы жырлары қалды. Жазған пьесалары М.Әуезов театрынан бастап еліміздің бірнеше театрларында сахналанып, отты жырлары өз оқырмандарын тауып, әсем әндері миллиондардың жүрегіне жетіп, қазақ аспанында қалықтап тұр. Жаныңыз жәннатта болсын, асыл аға, жан аға, Исраил көкем менің...”, – деді қаралы хабарды жеткізуші Бегманов.

Гүлдана Нұрлыханова
Жұма, 18 Шілде, 2025 10:47
Талқылау