"Әкімдік төтенше жағдай болғанын күтіп отыр": Алматыдағы көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті апатты жағдайда тұр
Фото: Threads.com/@kalybekovtk
Алматыда Жас қанат шағынауданында орналасқан 1/20 мекенжайындағы тұрғын үйдің қасбеті апатты жағдайда тұр. Тұрғындар қасбеттің қирап, адамдар мертігеді ме деп алаңдайды. Бұл туралы Stan.kzақпарат агенттігі хабарлайды.
Әлеуеметтің желіде тұрғын үй қасбетінің қабырғадан ажырап тұрған суреті жарияланды.
“Жас қанат шағынауданындағы мешітке қарама қарсы тұрған үй. Әкімдік төтенше жағдай болғанын күтіп отыр. Бастысы полиция пунктін алып тастапты. Солардың бастарына құлап кетіп жүрсе”, – деп жазды автор мысқылдап.
Осыған қатысты Алматы әкімдігі түсініктеме берді. Әкімдіктің мәліметінше, бұл мәселе бойынша тұрғындар Түрксіб ауданы әкімінің аппаратымен, “Жасқанат 1/20” меншік иелерінің бірлестігін басқару органымен, “Алматы Тұрғын үй” ЖШС қызметкерлерімен кездескен.
“Басқару органының мәліметі бойынша, үйдің жинақ шотында қасбетті күрделі жөндеуден өткізуге қажетті қаражат жоқ. Тұрғындарға жиналыста қосымша қаражат жинау мәселесін көтеру қажет екені айтылды”, – деп мәлімдеді әкімдік.
Сондай-ақ тұрғындарда 2023–2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы аясында жөндеу жұмыстарын қайтарымды негізде жүргізу мүмкіндігі бар. Мемлекеттік бағдарламаға қатысу үшін тұрғындар жалпы жиналыс өткізу керек. Осы жиналыс аясында меншік иелері арасынан жауапты тұлғаларды таңдау туралы шешім қабылданады.
Меншік иелерінің бірлестігінің басқару органы бағдарлама операторы – “Алматы Тұрғын үй” ЖШС-не қатысуға арналған хаттама мен өтінімді ұсынады.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
