Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әкімдік Кіші Алматы өзені маңындағы депутатқа тиесілі элиталық құрылыс нысанын тексеретін болды

Фото: atrixgroup.kz

Алматы қаласының қала құрылысын бақылау басқармасы Кіші Алматы өзенінің маңында салынып жатқан элиталық "Дубровка" тұрғын үй кешеніне қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізу туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Аталған учаскелердегі жер қалалық мәслихат депутаты Әмірхан Нәбиевке тиесілі компанияның меншігінде.

Керей-Жәнібек хандар көшесінің бойында орналасқан 25 элиталық вилланың құрылысы 2020 жылдың сәуір айында басталған. Аталған жер телімінде құрылыс жүргізіп жатқан компаниялар Сәрсен Нәбиев пен Алматы қалалық мәслихатының Amanat партиясынан сайланған депутаты Әмірхан Нәбиевке тиесілі. Ол 2002 жылдан бері "Атрикс-Строй" компаниясының иесі әрі бас директоры. 


Алматы әкімдігі "Атакентте" тұрғын үй кешенін салмақ болған жерді қайтарып алады


"Дубровка" тұрғын үй кешені орналасқан жер телімі "Глобал Тим" ЖШС-нің меншігінде, бұл компанияны да Нәбиевтер отбасы басқарады. Кіші Алматы өзенінің су қорғау аймағында құрылыс жүргізілуіне байланысты "Глобал Тим" компаниясына қатысты Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясы бірнеше рет тексеру бастамасын көтерген. Соңғы тексеру 2025 жылдың қаңтарында өткізілген, оның нәтижесінде тұрғын үй құрылысы су қорғау жолағында жүргізіліп жатқаны анықталған. Алайда сот бұл тексеруді объективті емес деп танып, компанияға қатысты іс жүргізуді тоқтату туралы шешім шығарған.

Алматы қаласының қала құрылысы бақылау басқармасы аталмыш жер телімінде құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізіп жатқан ұйымға қатысты құжаттарды сұратқанын мәлімдеді.

"Құжаттар алынғаннан кейін жоспардан тыс тексеру тағайындалады. Егер қандай да бір заң бұзушылықтар анықталса, қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданады", – делінген басқарма хабарламасында.

Еске салсақ, бұған дейін сот шешімімен Алматыдағы Orda City тұрғын үй кешені сүрілгені туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 16 Маусым, 2025 19:32
Талқылау